Сайлау-2023: 12 млн-ға жуық азамат таңдау жасайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жақында Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұл ретте 2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы қаулы жобасын қабылдады.

Атап айтқанда, Орталық сайлау комиссиясы тиісті дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сайлаушылардың тізімін жасау және басқада іс-шаралар атқарылада. Осы орайда ҚазАқпарат агенттігі алдағы сайлауға қатысты негізгі деректерді көпшілік назарына ұсынады.

Дауыс беретін адамдар саны

Сайлаушылардың тізімдерін жасау - сайлау процесінің маңызды элементі. Өйткені, азаматтар осы тізім бойынша сайлауда өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын жүзеге асырада. Сайлаушылардың тізімдерін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жасайды.

«Биылғы 1 қаңтар және былтырғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жасайды. Оған белсенді сайлау құқығы бар азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Әрбір сайлау науқанында азаматтардың тұрақты тіркелген жері және дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі ескеріле отырып, сайлаушылардың тізімі жеке түзіледі», - деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Конститантин Петров.

Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес сайлаушылардың тізімін жинақтады.

«Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы кірді. Сайлаушылардың ең көбі – 1 177 507 сайлаушы Түркістан облысында, ал ең азы – 138 277 сайлаушы Ұлытау облысында тіркелді», - деді К. Петров.

Тізімдердегі сайлаушылардың қайталануын болдырмау үшін ОСК барлық өңірдегі мәліметтерге қосымша талдау жүргізеді. Егер қайталанған деректер анықталса, онда ОСК өңірдердің жергілікті атқарушы органдарына тізімдерді ретке келтіруді тапсырады.

Осындай тексеру тәртібі тізімнің қайталануына жол бермейді. Әрбір азамат сайлау тізіміне бір рет қана енгізіледі. Сонымен қатар, сайлаушыларға өздерінің тізімдерде бар-жоғын жеке тексеруге мүмкіндік беріледі.

«Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 26 ақпанда тұрақты тұратын жердегі сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне тапсырылуы тиіс. Сайлау учаскесі бес күн ішінде оларды таныстыруға дайындайды. 4 наурыздан бастап әрбір сайлау учаскесі бойынша тізімдер көпшілік назарына ұсынылуы керек. Яғни әр азамат сайлау учаскесіне келіп, тізімге енгізілгенін немесе өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге құқылы», - деді Константин Петров.

Бұл тұрғыда 2023 жылғы 4 наурыздан бастап учаскедегі сайлаушылар тізіміндегі деректері тексеру мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, Ресейдегі қазақстандықтар 5 қалада орналасқан еліміздің дипломатиялық өкілдіктеріне келіп дауыс бере алады.

Өңірлерде неше мәслихат депутаты таңдалады

Атырау облысында әр деңгейдегі мәслихаттарға 140 депутат сайланады.

Аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына қарағанда, Атырау облыстық мәслихатының 30 депутатының 50% (15 депутат) мажоритарлық жүйе бойынша, 50% (15 депутат) партиялық тізімдермен сайланады.

Ал Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, аудандардың мәслихаттарының 85 депутаты толықтай мажоритарлық жүйемен сайланатын болады.

Ақтөбеде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 205 мандат берілген.

«Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына өз-өзін ұсынушылар өтініш беріп жатыр. Қазір барлық комиссия мүшелері таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін тіркеу жүргізеді. Жалпы облыс бойынша 205 мандат бар. Бұрын 202 мандат болды. Бұл жолы облыстық мәслихатқа екі, қалалық мәслихатқа бір мандат қосылды. Сөйтіп 34-і облыстық мәслихатта болады. Оның 50% партиялық тізіммен, қалған 17-і сайлау округі арқылы сайланады. Оның 10-ы Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандарда. Ал қала мен аудандарда барлық депутат бір мандаттық жүйе арқылы сайланады»,-деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Солтүстік Қазақстан облысы сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір бойынша мәслихаттарға 193 депутат сайланбақ.

Соның ішінде облыстық мәслихатқа 30 депутат жасақталады. Алайда тұрғындар оның 15-ін ғана сайлайды, яғни мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалғаны партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Ал Петропавл қаласы мәслихатының 18 депутаты, 13 аудан мәслихатына 145 депутаты толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша СҚО аумағы №24 бірмандатты сайлау округі болып айқындалған.

Қарағанды облысында 200-ден астам адам мәслихаттарға депутат болып сайланады.

Облыстық мәслихатқа 18 округтен 36 депутат өтеді. Оның 18-і партиялық тізім бойынша және 18-і бір мандатты. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына азаматтар кандидаттарды тек бір мандатты округтерден таңдайтын болады. Бүгінгі таңда 13 қалалық және аудандық мәслихаттар бойынша 178 мажоритарлық округ анықталды.

Батыс Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 188 депутат сайланбақшы.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясынан мәлім еткеніндей, соның ішінде 30-ы облыстық, 24-і қалалық, 134-і аудандық мәслихаттарға өтеді.

Қостанай өңірінде облыстық мәслихатқа 32 депутат, қалалық және аудандық деңгейде 232 депутат сайланада.

Қоғамдық пікір мен санитарлық норма

ҚР ОСК ресми сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, заңға сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуді Қазақстан заңнамасы бойынша тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.

Осы орайда Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетов сайлау науқаны кезінде орындалуы тиіс санитарлық нормалар туралы айтты.

«Республикамызда коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдайды, сондай-ақ ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық маусымның ағымын ескере отырып, кандидаттарды ұсыну жүргізу кезінде: кандидаттарды ұсыну бойынша съезд, конференция өткізген кезде кең үй-жайды пайдалану; үй-жайда желдеткіш/ауа баптау жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін; R көрсеткіші бірден жоғары аймақтарда маска режимін сақтауды ұсынамыз», - деді вице-министр.

Сайлау қандай тәртіпте өтеді

Жақында Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекітті.

Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.

Сайлау күні учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.

Дауыс беруді аяқтаудың өзге уақыты белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды. Осылайша, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлаудың жалпы ұзақтығы – тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін 59 күн болады.

Қай партиялар сайлауға қатысады

Атап айтқанда, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысады.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген және жұмыс істеп отыр. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» - 2002 жылы сәуір айында тіркелген; «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; «AMANAT» партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; «Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген», - деді ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

27 қаңтарда «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» мен Respublica партиясы бірқатар өңірде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысатыны мәлім болды.

«Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулымен мәслихат депутаттарын сайлауға тек үш облысқа ғана жіберілді. Қазіргі уақытта партия филиалдары бірқатар басқа облыстарда және Алматы, Шымкент пен Астана қалаларында құрылды. Respublica партиясы да қазіргі уақытта өздерінің филиалдарын құрған аймақтарда ғана мәслихат депутаттарын сайлауға жіберіледі. Осыған орай «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясын» Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберудің кейбір мәселелері туралы қаулыны, Respublica партиясының Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарғанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға қатысуға жіберу туралы қаулыны қабылдау ұсынылады», - деді ОСК отырысында комиссия мүшесі Шавкат Өтемісов.

Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Байтақ» саяси партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелерінің болмауына байланысты тек Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында мәслихат депутатын сайлауға қатыса алатындығын, Respublica партиясы тиісті құрылымдық бөлімшелердің болмауына байланысты мәслихат сайлауына жіберілмейтіндігін айтқан еді.

Бұл тұрғыда мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау науқанына 7 партияның қатысуына мүмкіндік жасалып отыр.

26 қаңтар күні Сенат отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек екенін қадап айтты.

«Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Фото: t.me/aqorda_resmi

2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет екенін айтқан еді.

Осы орайда Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын 2023 жылдың бірінші жартысында өткізу ұсынылды.

Ал 19 қаңтарда Президент Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.


Соңғы жаңалықтар