Сайлау-2022: Жигули Дайрабаев Түркістан облысының фермерлерімен кездесті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев сайлауалды үгіт-насихат аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті. Кездесуге ірі шаруа қожалықтарының басшылары, қарапайым фермерлер, мақта өсірушілер мен диқандар қатысты. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Кандидат Жигули Дайрабаев кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қаржыландырудың, жер және техникалық ресурстардың қолжетімділігі мәселелерін қозғады. Түркістан облысы фермерлердің көп шоғырлануымен және АӨК құрылымындағы үй шаруашылықтары үлесімен ерекшеленетіндіктен, бұл – өңір үшін ерекше өткір проблема.

Кездесуде фермерлер су тапшылығы жайлы алаңдаушылықтарымен бөлісті. Олардың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын өршіп келеді. Облыстың мақта өсірушілері де өз проблемаларын айтты. Биыл Түркістан облысында 125 мың гектардан астам жерге мақта егілді, аграршылар 300 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевты президент сайлауына кандидат ретінде ресми тіркегенін жазған едік.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.



Соңғы жаңалықтар