Сайлау-2022: Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына барды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына келді. Кандидат Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партямысның баспасөз қызметіне сілтемемен.

Ел ырысына айналған Сыр күріші – өңір бренді саналатын өнім. Алайда соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы тартылып, облыстың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрделеніп отыр. Судың тапшылығы, әсіресе күріш шаруашылығына кері әсерін тигізуде.

Жигули Дайрабаев ғылым мен өндірісте үндестік керектігіне баса назар аударды. Әсіресе, суармалы жүйеге негізделген өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды.

Кездесуден кейін кандидат Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде бұл ауыл береке-бірлік пен тынымсыз еңбектің арқасында аймақтағы ең көрікті елді мекенге айналған. Ауыл тұрғындарымен кездескен Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, бұған дейін президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев Түркістан облысында фермерлермен кездескенін жазған едік.

Сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.

Соңғы жаңалықтар