Сайлау - 2022: Мейрам Қажыкен халық қолының түгел есептелмеуіне қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенттігіне үміткер Мейрам Қажыкен орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркегеннен кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдымен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігінің маған сенім артқанына алғыс айтамын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, айтулы сынақ», - деді Мейрам Қажекен ОСК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Президенттікке кандидат халықтан қол жинауда барлығының есептелмеуіне қатысты пікір білдірді. Осы тұста айта кетсек, М. Қажекенке сенімділік танытқан 122 184 қол жиналып, оның 120 055-і расталып, қабылданды. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.

«Мүмкін, қате кеткен шығар. Әлде біреулер ЖСН-ның орнына жеке куәлік нөмірін жазып жіберді ме? Жеке өз басым 230 қол жинадым. Штаб және кәсіподақ мүшелері өңірлерді аралады. Әрине, қол жинаудың алғашқы сәтінде қиындық болды. Әсіресе ұйымдастыру жағынан. Себебі мұндай жұмысты алғаш рет өткіздік. Кейін жұмыс жүре бастады», - дейді ол.

Оның айтуынша, сенімді өкілдері үгіт-насихат жұмысына дайын.

«Бүгін демалып, дүйсенбіден бастап Қазақстан бойынша үгіт-насихат жұмысын жүргізудің жоспарын құруға кірісемін. Оған заңмен тыйым салынбаған. Үгіт-насихат барысында қол жинау кезінде жіберілген қателіктерді қайталамауға тырысамыз», - деді Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен.

Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мейрам Қажыкенді «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі атынан Президенттікке кандидат ретінде тіркеді.


Соңғы жаңалықтар