Сайлау – 2022: Әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізуге 10 млн теңге бөлу жоспарлануда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті сайлауына қатысатын әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізуі үшін шамамен 10 млн теңге бөлінбек. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде алдын-ала есеп бар. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізу үшін әр кандидатқа шамамен 10 млн теңге бөлу қарастырылып жатыр. Бұл қаржы БАҚ-та ақпарат таратуға, материалдар жариялауға жұмсалады. Яғни кандидат БАҚ арқылы үгіт-насихат жүргізеді. Одан бөлек, аталған соманың ішіне кандидаттың ғимарат және көлікті жалға алуы кіреді», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина.

Оның айтуынша, аталған мәселе бойынша әзірге соңғы шешім қабылданған жоқ.

«Бұл мәселе бойынша Үкіметтің және Орталық сайлау комиссиясының нақты шешімі шыққан жоқ. Жоғарыда аталған сома шамамен алынып отыр», - деп жауап берді ОСК-ның мүшесі тілшілердің сауалына.

Еске салсақ, ҚР Президенттігіне кандидаттар сайлауға дейінгі үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды. Аталған шара 28 күнге созылады .

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының отырысында үгіт-насихат кезінде неге тыйым салынатыны айтылды.

Айта кетейік, бүгін Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталды.


Соңғы жаңалықтар