Сайлау-2019: Шетелдік байқаушыларды аккредиттеу 3 маусымда аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға шетелдік байқаушылар мен БАҚ өкілдерін аккредиттеу 3 маусым күні аяқталады. Мұндай шешім бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы» қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, өткен жылы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына аудармашы ілесіп жүруге құқылы деген жаңа норма енгізілген.

«Бұл норманы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекіту ұсынылды. «Сайлау туралы» Конституциялық заң қадағалаудың тиісті тәртібін көздейді. Осыған байланысты шет мемлекеттер мен халықаралық байқаушылар ҚР СІМ ұсынымы бойынша ОСК жанына аккредиттелетінін қарастыру ұсынылды. Осылайша шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі СІМ берген аккредиттеу туралы куәлік болған жағдайда сайлауды бақылауды жүзеге асыра алады», - деді ол.

ОСК мүшесінің айтуынша, 10 сәуірде кезектен тыс президенттік сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген.

«Оның ережелерін негізге ала отырып, аккредиттеу мерзімі белгіленді. Осыған байланысты қаулы жобасы мен аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни 2019 жылғы 3 маусымда жергілікті уақыт бойынша 18-00-де аяқталады деп белгіленеді», - деді З.Баймолдина.

Осыдан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына бірауыздан дауыс беріп қабылдады.

Соңғы жаңалықтар