Сайлау-2019: Сарапшылар Қазақстан саясатының негізгі қырларын талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында «Қазақстандағы сайлау-2019: сыртқы және ішкі саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылық» атты сараптамалық талқылау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі институттың мәліметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында сарапшылар сайлау қарсаңындағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі қырларына тоқталды. Шараны ашқан ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова сайлаудың дер кезінде өткелі отырғанын, соның нәтижесі бойынша елдің даму бағыты айқындалатынын атады.

Ал әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталық директоры Ләззат Нұрұқатова мемлекеттің әлеуметтік бастамаларды жалғастырып, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру қадамдарының маңызына тоқталды.

Орталық Азия аймағындағы ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының директоры Айгүл Сәдуақасова елдегі жан-жақты тұрақтылық - дамудың негізгі тетігі болып қала беруі керектігін айтты.

ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев болса, сайлау қорытындысы сыртқы саясаттағы бағыттарға серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы серіктес ретіндегі беделін бекемдей түседі деген пікір білдірді.

Өзекті тақырып төңірегіндегі талқылауға Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының жобалар жөніндегі директоры Ботагөз Рақышева, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың басқарма басшысы Анар Фазылжан, қоғам қайраткері, блогер Ғалым Байтоқ және тағы басқа сарапшылар белсенді қатысып, құнды пікірлер айтты.

Соңғы жаңалықтар