Сайлау-2019: Президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылған кандидаттардың есімі толықтай белгілі. Үміткер кандидаттардың еңбек жолдарын қарап отырсақ, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне тікелей қатысы бар азаматтардың ел басқаруға ниетті екендігін байқауға болады. Атап айтқанда, елімізде тіркелген барлық дерлік саяси партиялардың өкілдерімен қатар, республика еңбеккерлерінің құқығын қорғайтын Кәсіподақтар федерациясынан, рухани-патриоттық бірлестіктерден кандидаттар тіркеліп отыр.

Осылайша бүгін республикалық қоғамдық бірлестіктердің енді бір айдан астам уақыттан кейін өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидаттарды ұсынуы аяқталды. Қазіргі уақытта республиканың екінші Президенті лауазымын қолға алып, мемлекетімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуге ниет танытып отырған 9 кандидат, нақты айтқанда «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ақ жол демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Дания Еспаева, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясына қажетті 7 құжат топтамасын толық тапсырған.

Аты аталған үміткерлердің ішінен Қасым-Жомарт Тоқаев, Жамбыл Ахметбеков, Дания Еспаева, Сәді-Бек Түгел, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін арнайы құрылған лингвистикалық комиссия алдында емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті. Қалған үміткер алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгергендігін дәлелдейтін болады.

Кандидаттар жайлы деректер...

Осы аптаның басында ҚР Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Онда Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты «Nur Otan» партиясынан алдағы сайлауға ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынып, делегаттар бірауыздан қолдады. «Еліміздің жан-жақты дамуы тұрғысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыру үшін мен сайлауға қатысамын», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы - Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинаған. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы қызметтерін атқарды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл - оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.

«Ақ жол» партиясының кезектен тыс XV құрылтайында кандидат ретінде бекіген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева президенттік сайлауға түсетін Қазақстандағы бірінші әйел адам болмақ. Мұндай шешімге қалай келгенін ол: «Жақында орталық кеңес пленумында президенттікке үміткерлер мәселесі талқыланған болатын. Азат Тұрлыбекұлы маған кандидатурамды шығаруға ұсыныс жасады. Сол кезде «Сайлауға әйел адам қатысса, қалай болады екен?» деген сұрақтар да қойылды. Қазақ қоғамында әйелдер өз орнын білуі керек деп қарсы шыққандар да болды. Сонда мен намыстанып кеттім. Әйелдің де билікте отыра алатынын дәлелдеп берейінші дедім. Сөйтіп, президенттік сайлауға қатысуға бел будым»,- деп түсіндірген еді.

Дания Мәдиқызының банк саласында 34 жылдық жалпы еңбек өтілі бар. Оның 17 жылын басшылық қызметте өткізген. Ақтөбе облыстық мәслиxатына екі рет депутат болып сайланған. «Атамекен» ҰКП филиалының басқармасына кіреді. Облыс әкімдігінің жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комиссияның құрамында 14 жыл болған. Өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны және аймақ экономикасын дамытқаны үшін 2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының үміткері Жамбыл Ахметбеков осыған дейін 2011 жылғы сайлауда ҚР Президенттігіне кандидат болған. Сол сайлауда сайлаушылардың 1,36 пайыз дауысын жинаған.

Жамбыл Әужанұлы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітірген. Сонымен қатар ол Коммунистік Халық партиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарады.

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы атынан үміткер Төлеутай Рахымбеков саяси бірлестіктің 300 мыңнан астам мүшесінің сенімін арқалап отыр.

«Мен үміткер ретінде алдарыңызда жауапкершілік жүгін толық сезінемін. Ауыл партиясының мүшесі ретінде партияның саяси ұстанымдары мен негізгі құжаттары және сіздер айтқан бүгінгі ұсыныстар менің келешектегі сайлауалды бағдарламама негіз болады», - деген еді Т.Рахымбеков партияластарының алдында сөйлеген сөзінде.

Төлеутай Сатайұлы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының докторы. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. ТКШ ұлттық палатасын, «Атамекен» ҰКП Агробірлік орталығын басқарып, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінде болған. Қазір «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқармасының төрағасы.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы алдағы президенттік сайлауға Амангелді Таспиховтың кандидатурасын ұсынған болатын. Бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясына барлық қажетті құжаттарын өткізіп, мемлекеттік тіл сынағынан да сүрінген жоқ.

Амангелді СатыбалдыұлыҚазақ политехникалық институтын бітірген. Әр жылдары мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда жұмыс істеп, бизнес-құрылымдарда да еңбек еткен. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаты болған. 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы. «Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

«Ұлт тағдыры» РҚБ құрылтайында кандидатурасы президенттік сайлауға ұсынылған саясаткер Әміржан Қосановтың мемлекеттік қызметте 7 жылдық тәжірибесі бар. Осы аптада барлық құжатын Орталық сайлау комиссиясына тапсырған. Алдағы уақытта мемлекеттік тілді жетік меңгергендігін дәлелдеу үшін лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырады.

«Барлық қажетті құжатты жинап тапсырдық. Олар екі күн қарастырылатыны айтылды. Дүйсенбі күні сағат 11-де мемлекеттік тілді меңгеру сынағынан өтемін», - деді Әміржан Қосанов Орталық сайлау комиссиясында журналистерге берген сұхбатында.

Әміржан Сағидрахманұлы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған. Түрлі жылдары коммунистік жастар одағында, ҚР мемлекеттік органдарында, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстарда еңбек еткен.

Қазақстанның құрылысшылар одағы ҚР Президенттігіне ұсынған кандидаты Талғат Ерғалиев Агротехникалық университетті бітірген. 2010 жылдан бері «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы Орталық кеңесінің өңірлік саясат бойынша хатшысы. 2012-2016 жылдары бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 2017 жылдан «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы қызметін атқарады.

24 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясында Сәді-Бек Түгелдің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөнінде лингвистикалық комиссияның отырысы өтіп, онда үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылданған болатын.

«Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі атынан алдағы саяси додаға түсіп отырған Сәді-Бек Түгел Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1998-2003 жылдары Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі, Астана халықаралық баспасөз орталығының бас директоры, ҚР Парламенті Сенаты бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Ал бүгін ҚР Президенті лауазымына үміткер ретінде 9-кандидат болып «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі атынан Жұматай Әлиев ұсынылғаны белгілі болды.

Жұматай Әлиұлы Ленинград мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі. ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, ҚХА Төрағасының орынбасары болған. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Сайлау көрігі қызар сәт...

Сонымен президенттікке ұсынылған кандидаттар белгілі. Бірақ олардың барлығының бірдей кандидат ретінде тіркелу не тіркелмеуі алдағы уақыттың еншісінде. Себебі олар кандидат ретінде тіркелу үшін алдымен өзін қолдайтын сайлаушылардың белгілі бір қолын жинауы тиіс. Қазіргі уақытта еліміздің Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сай келген кандидаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары берілген. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталуы тиіс. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясы 11 814 019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Қазақстан Республикасының сайлаушылар тізіліміне енгізген. Осылайша, әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы қажет. Қол жинауды Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді, сондай-ақ қолдардың түпнұсқалылығын тексеру рәсімін аумақтық сайлау комиссиялары паспорттық қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып жүргізеді.

Осыдан кейін президенттікке кандидаттар ретінде тіркелу үшін ұсынылушылар 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны Орталық сайлау комиссиясына тапсыруы қажет. Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін, 11 мамыр күні сағат 18-00-ден кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және Орталық сайлау комиссиясын екі күн мерзім ішінде, яғни 11 маусымнан кешіктірілмей жеткізіледі.

Сонымен кімнің ел Президенті болатындығы 9 маусымда өтетін тарихи сәтте анықталады.

Соңғы жаңалықтар