Сайлау-2019: Қазақстан халқының форумы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер «Nur Otan» партиясы атынан ҚР Президенті сайлауына қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау науқанын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасы Президент сайлауына үгіт-насихат жұмыстары басталды. Келешекке деген жауапкершілігімізді ескере отырып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді жан-жақты дамытуға арналған стратегиялық бағытын жалғастыру қажет деп есептейміз. Елбасының жетекшілігімен Қазақстан экономикалық, әлеуметтік дамуда елеулі табыстарға қол жеткізді, халықаралық қауымдастықта беделді мемлекетке айналды. Жаңа кандидаттың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» саяси платформасын қолдап, конституциялық нормалар мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сүйене отырып, «Біздің таңдауымыз - бірлік пен келісім» этномәдени бірлестіктердің жалпыреспубликалық электоралды науқанын бастаймыз», - делінген елордада республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер отырысындағы мәлімдемеде.

Науқан аясында Қазақстан халқының форумы өтеді, оған еліміздегі этномәдени бірлестік өкілдері қатысады.

«Науқанымыздың басты шарасы - «Біздің таңдауымыз - бірлік пен келісім» атты Қазақстан халқының форумы болмақ. Аталған форум еліміздің барлық облыс орталықтарында үгіт-насихат кезеңі аяқталғанша өткізіледі», - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ахыска» түрік этномәдени орталығының жетекшісі Әскер Пириев.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді.

ҚР Президентінің сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді. Сайлауға 7 кандидат тіркелді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан -Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.

Соңғы жаңалықтар