Сайлау-2019: Елордада кандидаттардың үгіттік баспа материалдарына арналған 60 орын белгіленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған 60 орын белгіленеді. Мұндай шешімді бүгін Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссия отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджановтың айтуынша, "ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы" ҚР Президентінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі №18 Жарлығының қабылдануына байланысты және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 25 қыркүйектегі ҚР Конституциялық заңының 28 бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру орнын белгілейді. Сонымен қатар кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін шарттық негізде үй-жай береді.

"Осыған орай "ҚР Президенттігіне кандидаттарына үгіттік баспа материалдарын орналастыруға орындар белгілеу және сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар беру туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 10 наурыздағы №06346 қаулысына өзгерістер енгізілуде", - деді ол.

Оның дерегінше, елорда бойынша кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған 60 орын бөлініп, 15 үй-жай ұсынылатын болады.

Сонымен қатар А.Ахмеджанов елорданың 31 сайлау учаскесінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілетіндігін айтты.

"Оның ішінде №236 сайлау учаскесі орналасқан 3660 әскери бөлім басқа облысқа ауысып, учаске жабылды. 13 сайлау учаскесінің орталықтары өзгерді. Жаңа көппәтерлі тұрғын үй кешендері мен көшелер пайдалануға берілді. Тұрғын үйлер бұзылды. Сонымен қатар кейбір нысандарға жаңа атаулар берілді. Осыған орай Астана қаласы бойынша сайлау учаскелерінің шекаралары туралы Астана қаласы әкімінің 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №0121 шешіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек", - деді А.Ахмеджанов.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл екі ұсынысты да қолдап дауыс берді.

Фото: ehonews.kz

Соңғы жаңалықтар