Сайлау-2019: Бір адам бірнеше кандидатты қаржыландыра ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан заңгерлер одағы сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарын жарғылық капиталында шетелдік қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғалар қаржыландыра алмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Одақ төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, «Заңгерлер - әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің штабына халықтан сайлау науқанын қаржыландыру бойынша сан түрлі сұрақтар түскен. Соның ішінде «Кандидаттың үгіт жұмыстарын кімдер қаржыландыра алады?» деген сауал жиі қойылған.

«Заңнама жеке және заңды тұлғалардың сайлау науқанына ерікті түрде қайырымдылық жасауына жол береді. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қайырымдылық ұйымдары мен діни бірлестіктерге, жарғылық капиталында шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға қайырымдылық жасауға тыйым салынады», - деді заңгер.

Ол сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалардың сайлау науқанын жасырын түрде қаржыландыруы заңсыз екенін айтты.

«Бір азаматтың бірден бірнеше кандидаттың үгітін қаржыландыруына тыйым салынбайды. Оны азаматтар өз бетінше реттейді», - дейді Серік Ақылбай.

Соңғы жаңалықтар