Сайлау 2019: Азаматтық платформа халықтан 1500 «аманат» жинады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Аманат» азаматтық платформасы сайлау қарсаңында халықтан 1500 бейне-аманат жинаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Платформа мүшесі Мұсағали Дауымбеков халықпен жұмыс істеу барысында ел көкейіндегі ең негізгі проблемаларға қаныққандарын айтады.

«Халықтың өз өмірін, мемлекеттің даму бағытын өзгертуге деген ниеті ұнады. Бәрі оны камера алдында айтып, саяси дода жеңімпазына жетеді деген үмітпен жолдап жатты. Айтылған проблемалардың көбі медицина, білім беру саласындағы реформалардың тиянақтылығы, әлеуметтік қамсыздандырудағы әділетсіз ережелерді жою сияқты күн тәртібінде қызып тұрған мәселелерді қозғаған. Елдің ол аманатын біз тиісті жерге жеткіземіз деп ойлаймыз», - дейді «Аманат» өкілі.

Мұсағали Дауымбековтің айтуынша, тек осы сайлау науқаны кезінде өңірлерде 10 мыңнан астам байқаушы дайындықтан өткен.

«Біздің елде мыңдаған қоғамдық ұйым бар деп айтамыз. Алайда осындай маңызды науқандарда солардың жұмысы көрінбейді. «Аманаттың» жұмысы бұл сайлаумен тоқтап қалмауы керек. Біз дайындаған байқаушылар ертең еліміздің атынан өзге мемлекеттердегі сайлауларда бақылау жүргізіп жатса, несі жаман», - дейді ол.

Мұсағали Дауымбеков кешегі сайлау барысында «Аманат» байқаушылары анықтаған 18 күрделі заңбұзушылықтың қай деңгейде қаралып жатқанына да тоқталды.

«Заңбұзушылықтар бойынша толтырылған актілерді әлі жинастырып жатырмыз. Олар ең соңында орталық штабқа келіп түседі. Содан кейін тағы бір зерделеп, тиісті органдарға жолдаймыз. Әр заңбұзушылықтың соңына дейін қаралып, заң алдында тиісті шара қолданылуына бақылау орнатамыз», - деді платформа өкілі.

Еске салсақ, «Аманат» азаматтық платформасы Президент сайлауы кезінде 18 күрделі заңбұзушылықты анықтап, акт толтырған болатын.

Соңғы жаңалықтар