Сайлау-2019: «Аманат» азаматтық платформасы 18 заңбұзушылық бойынша акт толтырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Аманат» азаматтық формасы сайлау күнгі жұмыстарының аралық қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Платформа жетекшісі Мұрат Әбеновтің айтуынша, топ атынан 11045 байқаушы сайлау учаскелерінде 1,5 ай бойы жұмыс жүргізген.

«Талай сайлауды көріп келеміз. Биылғысы ерекше болды. Азаматтардың саясатқа қызығушылығы артқанын байқадық. Сын көзбен қарайтын адамдарды көп кездестірдік. Негізі біз заңбұзушылықтарды көзге шұқып көрсетуден бұрын, оның себептерін анықтап, алдағы уақытта болдырмаудың жолын қарастырдық. Кемшіліктер мен заңбұзушылықтар болды. Әлі де жинақтап, топтастырып жатырмыз. 18 күрделі заңбұзушылық анықтадық. Бюлетеньдерді топтаған 8 оқиға тіркелді. Сондай-ақ, 165 ауызша ескерту жасалып, сол сәтте жойылды», - дейді Мұрат Әбенов.

Азаматтық платформа мүшесі Шыңғыс Лепсібаев бюлетеньдерді топтап тастау деректері Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында орын алғанын айтады. Платформаның тағы бір мүшесі Әкім Тұрсын аталмыш заңбұзушылықтар дер кезінде анықталып, жолы кесілгенін айтады.

«Біз анықтаған деректердің барлығында бюлетеньдердің топтап тасталуына жол берілген жоқ. Ол оқиғалар бойынша да акт толтырылып, құзырлы органдарға берілді. Егер заңсыздықтар дәлелденсе, жауапты адамдар заң алдында жауап береді», - дейді Әкім Тұрсын.

Азаматтық платформа өкілдері бұл мәліметтердің барлығы аралық қорытынды екенін атады. Жалпы сайлау күніндегі жұмыстардың толық қорытындысы ертең жарияланбақ.

Соңғы жаңалықтар