Саяжайларға елді мекен мәртебеcін беру бойынша кешенді жоспар қарастыру қажет - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Жанболат Жөргенбаев еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қонаев қаласы тұрғындарының проблемаларын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор әсіресе, Алматы облысының орталығындағы кәріз суларын тазарту құрылыстарының жай-күйіне және өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін Қапшағай су қоймасына ағынды сулардың түсу қаупі жоғары екендігіне алаңдаушылық білдірді.

«Қонаев қаласының кәріз тазарту құрылыстары 1968 жылы пайдалануға берілді, бұл ретте ғимараттар мен құрылыстар 100 пайыз тозған. Су қоймасы Балқаш көліне дейін ластанған жағдайда ауқымды экологиялық апат орын алуы мүмкін. Қазіргі жағдайда Қонаев қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Тез арада қаланың кәріз-тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қаражат бөлу қажет», - деді сенатор.

Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалында саяжай тұрғындарының мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, Алматы қаласы маңындағы саяжай тұрғындары әлеуметтік нысандардың жоқтығына, жолдың нашарлығына, ауыз судың сапасыздығына, электр қуатының жиі сөнуіне және қоғамдық көліктің келмейтініне шағымданады. Сондай-ақ ауыл мәртебесінің жоқтығынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында саяжайларға инфрақұрылым жүргізу қарастырылмаған.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес стратегиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын есепке алып және санитарлық нормаларды қарастыра отырып, саяжайларға елді мекен мәртебеcін беру бойынша кешенді жоспар қарастыру қажет. Егер саяжайлардағы тұрғындардың 183 мыңы Алматы сынды алып мегаполистің айналасындағы аудандарда тұратындығын ескерсек, олардың елді мекен статусын алуы, оңтүстік астананың жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, облыстың да өркендеуіне өзіндік серпін береді», - деді сенатор Жанболат Жөргенбаев.

Сенатор Қонаев қаласынан теміржол бағыттарын ашу, қолданыстағы облыс ішіндегі автомобиль жолдарын кеңейту, автовокзалдар мен автобекеттер салудың маңыздылығын да атап өтті.


Соңғы жаңалықтар