Саят-2018: Италия мен Испаниядан құсбегілер келді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Көкбастау атшабарында құсбегілердің «Саят-2018» атты халықаралық жарысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған еліміздің бүркітшілерімен қатар Моңғолия, Ресей, Италия, Испания мен Венгриядан да құсбегілер қатысты. Саятшылық - ежелден көшпенді халықтың ұлттық салты. Бүгінде ол ұлттық спорт түрі саналады. Биылғы айтулы шараға еліміздің 10 облысынан және шетелден 60-қа жуық құсбегі келді.

Олар қаршыға, ителгі мен қыран бүркіттерінің бабын сынап көрді. Көпшілікке қаршығалардың көгершіндерге түскені қызық болғанын көрдік. Шешуші сындағы бәсекеде қаршығалар бір-біріне дес бермеді. Дегенмен жеңімпаз біреу-ақ. Табиғатта қаршығаның негізгі қорегі қоян, кептер, қырғауыл мен кекілік сияқты аң-құстар. Бүгінгі жарыста Көкдауыл атты қаршыға қоянға да түсті, кептерді де алды. Сөйтіп жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.

Дулат Әбен - құсбегілер отбасының кенжесі. Бұл дәстүр атадан балаға жалғасып келеді. Жарысқа Ақбалақ атты бір жастағы балапан бүркітін алғаш қосып отыр. Оны былтыр жазда Алатау бөктеріндегі Бақай тау құзындағы ұядан алыпты. Сөйтіп мәпелеп, қанатын қатайтып өсірген.

«Ең басында төрт бұрыштың ішінде еркін жүре алатындай қорғаныс жасайды. Бүркіт кетіп қалмас үшін. Оған күнделікті ет беру керек. Мынаның барлығы қап-қара болып, аяғы сарғайады»,- дейді  жас құсбегі Дулат Әбен.

Ұлттық дәстүр ұлықталған жарыста Италия мен Испаниядан келген қонақтар да қырандарының бабын байқап көрді. Ең қызықты бәсеке бүркіттердің түлкі мен қарсақ алуында болды. Бұл сында Шығыс Қазақстан облысынан келген Өмірбек Нұғыманның бүркіті түлкіге мүдірмей түсіп, жарыстың бас жүлдесін иесінің қанжығасына байлады. Жүлделі құсбегілердің барлығы арнайы диплом алып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шара соңында ұлттық әндер әуелеп, ел рухын асқақтатқан жыр оқылды.

 «Мен қазақпын ас беріп, ат шаптырған. Бие байлап, төскейде қой бақтырған. Көк тәңірісі қыранды қолға үйретіп, жер тағысы түлкімен ойнаттырған. Мен қазақпын ақжүрек аңқылдаған. Көңілі жомарт, ниеті ақ сарқылмаған. Жер бетіне тарыдай шашылсам да, даламдай сақтап келдім даңқымды аман», - дейді құсбегі Тәттімбет Кәпұлы.

Соңғы жаңалықтар