Саяси пікірсайыс: партия өкілдері тікелей эфирде не айтты

None
Видеодан алынған кадр: khabar.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың басты саяси науқаны – Мәжіліс сайлауының өтуіне де санаулы сәт қалды. Сайлауға байланысты үгіт-насихат басталғаннан бері саяси партиялардың өкілдері еліміздің барлық өңірін аралап, бағдарламаларын таныстыруға тырысты. «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен «КТК» телеарнасының тікелей эфирінде пікірсайысқа да түскен еді. Соңғы телевизииялық пікірсайыс кеше «Хабар» телеранасының тікелей эфирінде ұйымдастырылды.

Пікірсайысқа «Amanat» партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан» Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев қатысты.

«Amanat» миллиондаған жақтас тапты»

«Amanat» партиясы осы 1 айдың ішінде Арқалықтан Қонаевқа дейін, Қызылжардан Қаратауға дейін, Зайсаннан Құлсарыға дейін еліміздің төрт бұрышын түгел аралап шықты. Шалғай ауылдарға дейін бардық. Елдің мұңын да, сынын да тік тұрып тыңдадық. Миллиондаған жақтас таптық. Халқымыздың партияға үмітпен қарап, қолдап отырғанына көзіміз жетті», - деді Ерлан Қошанов пікірсайыс барысында.

Оның атап өтуінше, партияның сайлауалды бағдарламасы – нақты іс-қимыл жоспары. Оны жүзеге асыру үшін партия барлық деңгейдегі кандидаттарды ұсынып отыр. Жалпы, партия сайлауға жалған ұрансыз, бос уәдесіз түсіп жатыр.

Фото: t.me/AMANATPartiyasy

«Сайлаушылар біздің саяси адалдығымызды бағалайтындығына сенімдіміз. Бүгінде әр уақытта бізді сынап келгендер де сенім артып отыр. Біздің барлығымызды осыдан бір жыл бұрын Президентіміз алдымызға қойған мақсат-міндеттер біріктіреді. Ашығын айтайық, жылдар бойы қордаланған, жұрттың жүйкесін жұқартқан мәселелер де көп. Халқымыз олардың шұғыл шешілуін күтіп отыр.

Бірінші – халықтың тұрмысын жақсарту. Біз азаматтардың табысын арттыру үшін нақты іс-шаралар қабылдаймыз. Жұмыссыздықпен жүйелі түрде күресеміз. Екінші - жемқорлық пен әділетсіздік. Біз ұрланған, шетел асқан миллардтаған қаржыны елге қайтарамыз. Сот пен прокурор, полиция, әкімдер мен шенеуніктер азаматтарымызға қожайын емес, қорған болуы тиіс. Бұл салаға түбегейлі реформа жасаймыз. Үшінші – тәртіп пен қауіпсіздік. Халық мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы үшін, қоғам көше мен ауладағы тәртіп үшін, ата-ана оқудағы, әскердегі балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы тиіс. «Amanat» партиясы осы түйткілді мәселелерді шешуге бар күшін салады», - деді партия төрағасы.

«Таза табиғатта өмір сүруге жағдай жасалады»

Ал, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның негізгі мақсаты адамдардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға, таза энергетиканы дамытуға ерекше мән беру екендігін айтады.

«Байтақ» партиясының негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың денсаулығы мен өндірістің заманауи таза технологияларына бағытталған қуатты экономика құру. Біз үшін әділдіктің жоғары көрінісі – адамның өмірі мен денсаулығын сақтау. Партия жақында тіркелсе де, қозғалыс ретінде 10 жылдық тәжірибесі бар. Біздің кандидаттарымыз табиғи ресурстарды ашкөздікпен аяусыз игеруге қарсы», - деді Азаматхан Әміртаев.

Фото: t.me/tvkhabar24

Осы орайда, ол партия құрамында барлық саланың мамандары қамтылғанын айтты.

«Біздің партиямызда экологияны қорғаушылар, ғалымдар, заңгерлер, экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер, мұғалімдер бар. Сонымен қатар, әр өңірдегі қоғам белсенділері біздің партиямыздың мүшесі болып отыр. Біздің кандидаттар қалың бұқарамен сайлау науқанында 3 700 жиналыс, кездесу өткізді», - деді партия төрағасы.

Оның айтуынша, партия өкілдері әлеуметтік желілер арқылы 4,5 млн адамды қамтыған.

«Партия мүшелері халыққа платформаны түсіндірді. Халықтың талаптары негізінде Мәжіліс пен мәслихаттардағы партияның іс-қимыл жоспарын жасап қойдық. Адамдардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға, қоршаған ортаны ластауды тежеуге, таза энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға, жаңа технлогиялар мен инвестицияларды тартуға міндеттіміз. Атап айтқанда, балалардың таза табиғатта өмір сүруіне жағдай жасау – баршамыздың міндетіміз», - деді ол.

«Агробанк құру керек»

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев елімізде отандық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға басымдық беру керектігіне тоқталды.

«Ауыл» партиясы іргелі саяси ұйым екені белгілі. Қазір Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанына қатысып жатырмыз. Қатарымызға елді, жерді сүйетін нағыз патриот азаматтар біріккен», - деді Жигули Дайрабаев.

Осы орайда, ол партияда мыңдаған адам қамтылғанын және пікірсайысқа осы азаматтардың сенімін арқалап келгенін айтты.

«Біздің партия барлық аудан мен қалаларда тұрақты жұмыс істеп келеді. Осы сайлауда партия нәтижесі жоғары болатынына сенімдіміз. Партияның позициясы айқын – қоғамдағы негізгі саяси күшке айналу», - деді партия өкілі.

Фото: t.me/tvkhabar24

Бұл тұрғыда ол «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігіне және ауылдарды дамытуға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Партия Мәжіліске өкен жағдайда, тиісті заңдарды қабылдауға үлес қосып, әділ жұмыс атқаруға дайын.

«Халқымыз банк жүйесінен де зардап шегіп отыр. Себебі, несиенің пайыздық үстемесі тым жоғары, халық қарызға әбден батқан. Сонымен қатар, әлеуметтік салада қордаланған мәселе көп. Атап айтқанда, Мәжіліске өткен жағдайда, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды халықпен ақылдаса отырып қабылдаймыз. Ауылдың инфрақұрылымы тозды, сондықтан елді мекендердегі желілерді қалпына келтіру керек. Саланы тығырықтан шығару үшін 100 пайыз мемлекеттік капиталмен Агробанк құру мәселесін шешеміз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында отандық техниканы құрастыруға басымдық береміз», - деді Жигули Дайрабаев.

«Ақ жол» қияли уәде емес, нақты іс атқарады»

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партияның Парламенттегі басты жетістіктеріне тоқталды.

«Ақ жол» демократиялық партиясы – отандық өнідірісшілер мен ұлтжанды азаматтардың партиясы. Басқалар өз қиялымен уәдені үйіп-төксе, біз нақты не істегенімізді және бұл жұмысты әрі қарай қалай жалғастыратынымыз туралы айтамыз. Біздің басымдықтар, ұлттық ұстанымдар – еркін экономика мен отандық өндірушілерді қолдау, парламенттік республика, деофшоризация мен капиталды елге қайтару», - деді Азат Перуашев.

Фото: t.me/tvkhabar24

Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы Парламенттегі жұмысы кезінде заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс, 600-ден астам депутаттық сауал жолдап, 14 заң жобасының ұйытқысы болды.

«Бюджеттің атқарылуы туралы есептер, министрлерді тағайындау және басқа да маңызды мәселелерді талқылағанда «Ақ жол» өзгеше пікірін айтып, дауыс бергенде Үкіметті ұдайы қолдамады. Парламентте жұмыс істегенде біз билік тарапынан жылдар бойы кедергі қойылып келген бірқатар маңызды бастама көтердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен біз 2012 жылдан бастап ұсынған «Парламенттік оппозиция туралы» заң қабылданды, «Ақ жол» партиясы 2014 жылдан бері ұсынып келе жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданды, ӨКМ және ҚҚТ монополиясы жойылды, біз 2017 жылдан бері олардың заңсыз екенін бірнеше рет көрсеткен едік», - деді партия басшысы.

Сондай-ақ, Президент 1 қыркүйектегі жолдауында «Ақ жол» 2011 жылдан бері көтерген салықтардың сараланған мөлшерлемелерін енгізуді, отандық кәсіпорындарды мемлекеттік сатып алуларда қолдауды тапсырды, біз оны 2015 жылдан бастап талап етіп келдік, «Капиталды қайтару туралы» заңды әзірлеуді «Ақ жол» партиясы 2013 жылдан бері талап етіп келді және тағы басқалары бар.

«2019 жылы «Ақ жол» партиясы үлкен өзгерістер болатынын, бірақ оларды басқару маңызды екенін айтты. Біздің бағдарлама осындай нақты өзгерістері бар ұсыныстардан тұрады. Біз оның Президент Тоқаевтың ұстанымымен үндес екенін көріп отырмыз, ол жақында жаңа реформалар пакетін ұсынатынын айтты. «Ақ жол» партиясы өзгерістер жай ғана әдемі сөз емес, нақты істер болуы үшін өз үлесін қосады», - деді Азат Перуашев.

«Таңдау жасаудан жалықпайық»

«Қазақстан халық партиясы» болса қарапайым адамдардың, оның ішінде көп балалы аналар мен балалар, жастар және жас отбасылардың құқықтарын қорғауға аса мән бермек.

«Адамды алға жетелейтін де, өмірден түңілдіретін де – сенім. Ең алдымен Құдайға, сосын өзімізге сенеміз. Бірақ, өзгеге сенбейміз, өйткені оны жоғалтып алдық. Қазақ халқы соғысты да, аштықты да көрді. Қабырғасы қанша қайысса да түңілмеді. Өзге елге кетіп қалып немесе мен үшін барлығы шешіліп қойған деп үйде отыру қиын емес. Мен де солай ете алар едім. Алайда, міне сағат 20:00-де ауырыңқырап қалған бір жастан асқан баламды тастап, халық алдына шығып тұрмын. Еріккеннің ісі ме? Әйел алдымен өзгені, сосын барып өзін ойлайды, әсіресе ана. Митингіге шығып жүрген ана, бала бағып отырудың орнына жұмыс істеп жүрген ана. Уақтылы зейнетке шыға алмай, баласына масыл болып отырған ана қаншама. Өз басым ұлым әскерден аман оралсын, балаларым күнделікті нәпәқасын ойламай ғалым болсын, елге еңбегі сіңсін деп тілеймін», - деді «Қазақстан халық партиясының» мүшесі Оксана Әубәкірова.

Фото: t.me/tvkhabar24

Партия өкілі 63 жасқа дейін жұмыс істемей, аялы әже болып, парасатты ұрпақ тәрбиелегісі келетінін айтты.

«Бұл – менің ғана емес, барлық ананың тілегі. Біз Астананың маңындағы ауылда тұрамыз. Газ жоқ, ол түгілі су да жоқ. Күнделікті суын тасып ішетін халықтан не сұраймыз? Ерекше қажеттілігі бар адамдар, сал балалар, аутист, оларды ойлап жатқан адам бар ма? Ата-анасы бар ауру балалар қалай болғанда да қоғамға қосылуға мүмкіндік алады. Ал, ата-анасыз балалар далада қалып жатады. Миы болса да, тірі өлік. Олардың арасында мүмкін Эйнштейн бар шығар? Айтпақшы, Эйнштейн аутист болған. Оларды ойлаған ел ағасы бар ма? «Өйтеміз, бүйтеміз» деп, «үйдей бәлені шешеміз» деп, кейін халықтың аузы қу шөппен сүртіледі. Бүгін мен үлкен сеніммен алдарыңызға шығып отырмын. «Оян, қазақ» дегелі 118 жыл болыпты, айта-айта жауыр болды. Өз таңдауымызды жасаудан жалықпайық», - деді ол.

«Мемлекет басшысы саяси реформалар жоспарын жариялады, елімізде адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық сот пайда болды. Саяси партияларды тіркеу шарттары өзгертілді, екі жаңа партия құрылды. Партиялық емес азаматтарға сайлануға конституциялық құқық қайтарылды, елдің жүздеген азаматтары бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс пен мәслихаттарға өз кандидатураларын ұсынды. «Қазақстан халық партиясы» қарапайым адамдардың, көп балалы аналар мен балалардың, жастар және жас отбасылардың құқықтарын қорғайды. Бұл – кеншілер мен металлургтер партиясы, біздің артымызда миллиондаған жұмысшы тұр», - деп сөзін толықтырды «Қазақстан халық партиясының» мүшесі.

«Мәдениет тұрғысынан іргелі өзгерістер керек»

Пікірсайыс барысында «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров өз жұмыстарының өзегі болатын негізгі бағыттарды атады.

«Бүгінгі таңда еліміз үлкен дағдарыста тұр деп айтқымыз келеді. Бұған дейінгі пікірталаста партиямыздың тең төрағасы бұл таруалы жақсы айтты. Ел бюджетінің шығыс бөлігі 21 трлн теңге болса, салық түсімдері 17 трлн теңге болып отыр. Сонда елімізге 4 трлн теңге түспей жатыр. Қазір банкрот алдында тұрғанымызды, дағдарыста екенімізді мойындауға болады. Біздің команда, партияның тең төрағалары – дағдарысты еңсеріп үйренген менеджерлер. Мысалы, Руслан Берденовті алсақ, «Еврофармды» нөлден бастап көтерді. Динара Шүкіжанованы алсақ, керексіз етіп тастаған дизель зауытын әйгілі «Агромашхолдингке» айналдырды. Қазір ол зауыт түрлі тракторлар мен комбайндар құрастырып отыр. Мен де құлдырап бара жатқан агрохолдингті 5 жылдың ішінде еліміздегі №1 агрохолдингке айналдырдым», - деді «Respublica» партиясының төрағасы.

Фото: t.me/tvkhabar24

Оның сөзінше, бүгінгі таңда бизнес-ортаны жақсарту бағытында өте маңызды өзгерістер енгізетін уақыт жетті.

«Біз әрібір азаматымыз еркін болғанын қалаймыз. Еркін адам деген кім? Еркіндіктің мәні денің сау, білімің, мәдениетің болғанында. Сондықтан, біз өз бағдарламамызда үш негізгі бөлімді белгілеп алдық. Бірінші бөлім білім беруді қамтиды. Ол үшін бізге білім беру жүйесін ауылда да, қалада да әділеттілік тұрғысынан теңестіру қажет. Екінші бөлім – денсаулық сақтау жүйесін жақсарту. Бізге скринингтер аясын кеңейтіп, ауырып ем іздемей, алдын алатындай жүйе енгізу қажет. Ауру төнбей тұрып, ұлт саулығына жұмыс істеуіміз қажет. Сондай-ақ, мәдениетімізді оңдау қажет. Өткенде бірінші телевизиялық пікірсайысты көрдім. Біздің, тіпті саяси деңгейдегі мәдениетіміз осындай болса, ұлтымыздың мәдениеті туралы не деуге болады? Бізге мәдениет тұрғысынан іргелі өзгерістер керек және біз мәдениет тілді дамытудан қалыптасатынын көріп отырмыз», - деді Айдарбек Қожаназаров.

«Заңсыз байлыққа жол бермеу қажет»

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» президенттік-парламенттік басқару жүйесін енгізе отырып, халық парламентін құруды ұсынды.

«Біздің мақсат – халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту. Сондықтан да, біз сайлауға түсіп жатырмыз. Біздің ел социал-демократтардың идеясына мұқтаж. Сондықтан, саяси реформаларды жалғастыру керек. Азаматтар үшін қажетті заңдар қабылдау қажет. Біздің ұсыныстарымыз – президенттік-парламенттік басқару жүйесін енгізу. Халық парламентін құру. Сенатты тарқату. Жемқорлықпен жүйелі түрде күресу. Тергеу жүргізіп, елден ұрланған және офшорларға жасырылған қаражатты елге қайтару. Табиғи қазбаларды өңдеу және оларды экспорттауды мемлекет қарамағына қайтару», - деді «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев пікірсайыс барысында.

Видеодан алынған кадр: khabar.kz

Одан бөлек, социал-демократтар әр адамға әлеуметтік қолдау көрсетуге уәде беріп отыр.

«Азаматтардың өмір стандартын қабылдау қажет, яғни зерттеу жүргізіп, арнайы бағдарлама енгізген дұрыс. Бағдарламада адамдардың негізгі қажеттіліктері ескеріледі. Біз үшін келесі сұрақтар маңызды: Тегін білім беру және медицина. Мектептер, ауруханалар басқа да әлеуметтік нысандар салу. Тұрғын үй бағдарламаларын қайта қарап жетілдіру. Сонымен қатар, ауылдың жағдайын жақсарту керек. Жемқорлық пен олигархтармен күресті жалпы ұлттық деңгейге көтеру. Шенеуніктердің міндетті түрде декларация тапсыруы. Заңсыз байлыққа жол бермеу. Несие пайыздарын төмендету. Энергетика нысандарын және коммуналдық кәсіпорындарды мемлекет қарамағына қайтару. Сондай-ақ, сайлауалды бағдарламамызда елден заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтару бойынша ведомствоаралық комиссия құрамына бізді енгізуді талап етіп отырмыз. Бұл арнайы заңмен реттелуі қажет», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар