Саяси партиялардың тиімділігі: Қоғам өмірінде қандай бастамалар жүзеге асты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сарапшылардың пайымынша, демократиялық қоғамды дамыту үшін азаматтардың саяси қатысуы өте маңызды. Кез келген қоғам азаматтарының саяси белсенділігін партиялардың қызмет нәтижесімен бағалауға болады. Өткен кезең ішінде ашық дереккөздер мен шолу материалдарына іліккен партиялар қызметін саралап шықтық. Сондай-ақ партиялық бастамаларды ілгерілетудің қаншалықты тиімді болғанын, олардың қайсысы қазақстандық қоғам өмірінде жүзеге асырылғанын байқадық. Назарымызға биліктің өкілетті органдарындағы партиялармен қатар жаңадан құрылған «Байтақ» партиясы да ілікті. Толығырақ ҚазАқпараттың сараптамалық шолу материалынан оқыңыздар.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

Шолуға іліккен партиялардың бірі «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясын өңірлердің бәрінде өкілдері бар саяси ұйым деуге болады. 2023 жылдың 1 қаңтарында партия мүшелері 300 мыңға жуық адамға жетті. Партия төрағасы – Әли Бектаев.

«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Анас Баққожаев ҚазАқпараттың сараптамалық шолушысымен әңгімелесу барысында партияның негізгі міндеттері қоғамның саяси өміріне және заңшығармашылық қызметке қатысу, сонымен қатар аграрлық сектор мен ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру екендігін айтады.

2016 жылдан бергі 6 жылдың ішінде партия қатарындағы кәсіпкерлердің есебінен 200-ден астам ауылдық елді мекенде спорт нысандары салынып, жөнделді. Онда жұмыс істейтін қызметкерлер жалақымен қамтылды. Мұндай көмек еліміздің барлық өңірінде көрсетілгенімен, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қарқынды жүргізілді.

Ашық дереккөздердегі партия қызметіне қатысты мәліметтерге сәйкес, «Ауыл» партиясынан мәслихатқа сайланған депутаттар Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында жол төсеу, сумен жабдықтау және газдандыру мәселерінің шешілуіне өз үлестерін қосқан.

Партия аграрлық азық-түлік саясаты саласындағы мәселелерді де белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Сонымен қатар «Ауыл» өзге де партиялармен бірге экологиялық және басқа да әлеуметтік маңызы бар акцияларды жүзеге асырады.

2022 жылы «Ауыл» партиясы жылу электр орталығындағы апаттан жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету ісіне белсенді қатысты. Түрістан облысының Атамекен ауылында сан салалы спорт кешенінің ашылуына мұрындық болды.

«Ауылдықтар» 2016 жылдан бері барлық сайлауға қатысып, саяси белсенділік те танытып келеді. 2022 жылдың күзінде Президент сайлауына да өз канидатын ұсынды. Ал партияның өңірлік филиалдары ауыл әкімдерін сайлау кезінде кандидаттарын ұсынып, белсенді жұмыс істейді. Бүгінде партияның 32 мүшесі ауыл және ауылдық округтерге әкім болып сайланған.

«Партияның таяу аралыққа жоспары ауылдық аймақтарды дамытудағы жұмысын жандандырумен байланысты. Биыл филиалдар мен белсенділер дамудың жаңа әдістері мен экономикалық моделін жасауға кіріседі», - деп жоспарлары жайлы айтып өтті Анас Баққожаев.

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы

Бұл партияның облыс орталықтары мен қалаларда 20 филиалы бар. соңғы деректерге сәйкес, партия мүшелерінің саны 255 800 адамды құрайды. Оның ішінде 64 пайызы - ерлер, 36 пайызы - әйелдер. Саяси ұйымдағы жастардың үлесі 11 пайызға жетіп отыр.

2002 жылдың сәуірінде тіркеліп, 20 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан партияға бүгінде Азат Перуашев басшылық жасайды. 2012 жылдан бастап «Ақ жол» ҚДП парламенттік партия саналады, Мәжілісте депутаттық фракциясы бар. Сол жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия сайлаушылардың 7,47 пайыз дауысын жинап, 8 депутаттық мандат алса, 2021 жылғы сайлау қорытындысында партия 12 мандатқа ие болды. Мәжіліс сайлауымен қатар өткен барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға сайлауда «Ақ жол» партиясының 222 өкілі депутат болып сайланды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының негізгі мақсаты – әрбір азаматтың еркін дамуы, оның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін ұдайы арттыру үшін, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресіне қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау. Сонымен қатар партия Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономика құрудың, жеке кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы саналады.

«Ақ жол» партиясы барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлауды ұсынып жүрген саяси ұйымдардың бірі. Бұл талап партияның саяси бағдарламасында да бар. ауыл әкімдерін тікелей сайлау 2021 жылы өтті. Оның қорытындысында әкім лауазымына «Ақ жол» партиясының 11 өкілі сайланды. Келесі қадам - аудан әкімдерін тікелей сайлау. Ол 2024 жылы өтеді.

Жалпы, партияның Мәжілістегі фракциясы өте белсенді. Тек фракция жетекшісі Азат Перуашевтің өзі 2021-2022 жылдары аралығында шамамен 30 заң жобасына 550-ден астам түзету ұсынған болатын. Оның 200-і әріптестері тарапынан қолдау тапты. Ал фракцияның қалған мүшелері түрлі заңдарға шамамен 1 мың түзету ұсынып, оның 500-ден астамы қабылданды.

Қазақстан Х алық партиясы

Қазақстан Халық партиясының шамамен 150 мың мүшесі бар. Дегенмен, партия ел азаматтарының басым бөлігінің мүддесін білдіруге және қорғауға ұмтылады.

«Біз жалдамалы жұмысшылардың, жұмыссыздардың, бюджет қызметкерлерінің, шағын және орта бизнес өкілдерінің, зейнеткерлер мен жастардың, сонымен қатар әлеуметтік сала өкілдерінің саяси ерік-жігерін білдіреміз. Бір сөзбен айтқанда, біз – халықтың партиясымыз», - деді ҚХП төрағасы Ермұхамбет Ертісбаев.

Қазақстан Халық партиясының мақсаты – шынайы халық үкіметі, әлеуметтік әділеттік, рухани бостандық пен ғылыми-техникалық ілгерілеу және ғылыми-техникалық қағидаттар негізінде өркендеген экономика қоғамына ұмтылу. Мұндай қоғамның негізі азаматтық құқықтың толықтығы мен өз қабілетін дамыту және көрсету сонымен қатар түрлі қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндігіне ие адам болуы керек.

Халық партиясы еліміздегі басты саяси оқиғаларға белсенді қатысады. Айталық, 2022 жылдың 5 маусымында жалпыхалықтық рефорендум өтіп, оның қорытындысында ел Конституциясына түзетулер қабылданған болатын. ҚХП бұл референдумды қолдау бағытында көп жұмыс атқарды.

Партия 2022 жылғы жұмысының тағы бір маңызды нәтижесі Ата заңға «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норманың енгзілуі деп санайды.

Айта кетерлігі, партия зейнетақы жүйесін реформалау (оның ішінде әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа төмендету бар), бюджеттен зейнетақыны, шәкіртақы мен әлеуметтік төлемдерді шынайы инфляция деңгейіне дейін міндетті түрде жыл сайын индексациялау мәселелеріне қатысты ұсыныстар бойынша жұмыс істеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Байтақ» Қазақстанның жасыл партиясы

Таяуда ғана еліміздің саяси сахнасында «Байтақ» Қазақстанның жасыл партиясының тіркелгені белгілі болды. Әзірше партия қатарында 30 мыңға жуық мүше бар

Фото: facebook.com/ecoalliance.kz

Азамат Әміртай басшылық жасайтын партия патриотизм, гуманизм, әлеуметтік әділеттілік және елдің ұлттық мүддесін қорғауды басты ұстанымы ретінде айқындап алған.

«Идеологиялық тірегімізге және саяси ұстанымымызға орай бз «ауқымды ойлап, нақты әрекет етуге» ниеттіміз. Сондықтан «сайлаудан сайлауға дейін тынбай еңбектенетін, ал сайлау кезінде азаматтарға өз жұмысы жайында баяндап, лайықты нәтижеге қол жеткізетін» нақты істің партиясы ретінде көрсетеміз», - деді «Байтақ» Қазақстанның жасыл партиясының төрағасы Азамат Әміртаев ҚазАқпараттың сараптамалық шолушысына берген сұхбатында.

Фото:iSock.com

«Жасыл идеологияны» дамыту бойынша жастармен жұмыс істеу басым мақсат ретінде айқындалған. Партия көшбасшысының пікірінше, жастар қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде барынша тез және жедел әрекет етеді. Тағы бір бағыт - азаматтардың балғын және экологиялық таза өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ету жүйесін құру, жасыл экономика мен инновациялық технологияларды дамыту.

«Біз 21-ші ғасырдағы инновациялық технологиялар мен өсіп келе жатқан жасыл экономикада өмір сүріп жатырмыз. Мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар бізге жаңа технологияларды жоққа шығару және қауіп-қатерлерді жүзеге асыру үшін емес, ұлттық байлықты арттыру және инновациялық технологиялар мен жаңартылатын, жасыл экономикаға табысты көшу үшін берілген», - деп санайды партия төрағасы.

Партиялар санының артуы – демо к ратиялық қоғам белгілерінің бірі

Елімізде Орталық сайлау комиссиясында тіркелген 6 саяси партия бар. Олар: «Amanat партиясы» қоғамдық бірлестігі (ҚБ), «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» ҚБ, «Қазақстанның халық партиясы» ҚБ, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» ҚБ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» ҚБ және «Байтақ» Қазақстанның жасыл партиясы» ҚБ. Материал дайындалып жатқанда Әділет министрлігінде «Respublika партиясы» ҚБ деп аталатын тағы бір саяси ұйымның тіркелгені белгілі болды. Бұл партиялардың ішінде үшеуінің, атап айтқанда «Amanat», «Ақ жол», ҚХП-ның ғана Мәжілісте өкілдері бар.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Партияларды тіркеу үдерісі айтарлықтай жеңілдейтін болады. Бұл ретте партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегін төрт есе – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Ал өңірлердегі өкілдердің саны үш есеге азайтылып – 600-ден 200 адам болады. Партияны құру үшін бастамашыл топтағы азаматтар саны ең кемі 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады», - деген болатын.

Бүгінде бұл бастамалар толығымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде елімізде тіркелген саяси партиялардың саны артып келе жатыр. Партияға мүшелік - елдің саяси өміріне қатысу құралдарының бірі. Саяси өрісте әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін партиялар неғұрлым көп болса, мемлекет пен қоғам өмірінің бейнесі соғұрлым толық болады.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде Қазақстанда саяси бәсекелестік үшін құқықтық және саяси жағдайлар барлық деңгейде бар. Азаматтар орталық және жергілікті билік органдарын қалыптастыруға және олардың жұмысына қатыса алады. Мемлекет билікті орталықсыздандыруға, азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге қадам жасады. Енді басты мәселе азаматтардың берілген мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдалануында болып тұр.


Соңғы жаңалықтар