Саяси партияларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеу қашан басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа саяси партияларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеу туралы заң жобасы алдағы бір айдың көлемінде қабылданады. Қазақстандық журналист Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына сұхбат берген Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент сайлауына дейін үлгереді. Таяу арада қабылданады. Алдағы 1 айдың көлемінде қабылданады деп ойлаймын. Себебі, ол заң жобасы Мәжілісте қаралды. Енді Сенаттың қарауында. Содан кейін Президент қол қояды да, қолданысқа енеді. Осы заң қабылданғаннан кейін саяси партияларға жеңілдетілген жүйемен тіркелуге мүмкіндік туады. Мәжіліс сайлауы келесі жылы деп отырмыз ғой. Сондықтан, олардың үгіт-насихат жүргізіп, халыққа танылуына толық мүмкіндіктері болады», - деп түсіндірді Парламент Мәжілісінің спикері.

Ерлан Қошановтың мәлімдеуінше, Мәжіліс сайлауының келесі жылы өтуінің нақты себебі бар. Жаңа саяси партияларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеу заңы биыл қабылданбақ. Оның айуынша, егер аталған заң қолданысқа енбей, сайлау осы жылы өткізілсе, онда оған жаңа партиялар қатыса алмайды. Сондықтан, оның мерзімі келесі жылға белгіленген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қошанов Президент сайлауының күзгі маусымға белгілену себебін түсіндірген болатын.


Соңғы жаңалықтар