Саяси партияларды құруға қойылатын талаптар едәуір жеңілдеді - Конституциялық кеңес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің бірқатар өкілеттіктен бас тартуы саяси күштердің арасындағы бәсекелестіктің деңейін көтереді. Бұл туралы ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші - суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне көшу. Ол дегеніміз не? Бізде президенттік басқару жүйесі қолданыстағы Конституция қабылданған кезде енгізілді. Күшті президенттік билік Тәуелсіздіктің басында әртүрлі салаларда түбегейлі реформалар жүргізуге қажет болды. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ 1998, 2007, 2017 жылдары өткізілген конституциялық реформалар барысында Мемлекет басшысының өкілеттіктері біртіндеп басқа мемлекеттік органдарға беріле бастады. Сол үрдіс қазіргі 4-ші конститциялық реформада жалғасын тауып отыр. Президенттің бірқатар өкілеттіктен бас тартуы, саяси партиядағы мүшелігін тоқтатуы еліміздегі саяси күштердің арасындағы бәсекелестіктің деңейін көтеруге мүмкіндік береді. Жалпы бұл Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістерді Жолдауда айтылған басқа да өзгерістермен жүйелі түрде қарастырған жөн», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Президент тек қана саяси партиядан шығып қана қойған жоқ, сонымен қатар саяси партияларды құруға қойылатын талаптарды едәуір жеңілдетіп жатыр. Мәселен, бұрын саяси партия құру үшін оның мүшелері 50 мың болу керек болса, кейіннен 40 мыңға, былтыр 20 мыңға, ал қазір 5 мыңға дейін төмендетілді. Яғни, жаңа партиялардың қүұрылуына жағдай жасалады.

«Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасының аясында өкілді мемлекеттік билік органдарының мәртебесі, өкілеттіктері күшейтілмек. Оған Парламент, мәслихаттар жатады. Парламент шын мәнінде заң шығарушы, халықтың мүддесін қорғайтын өкілді орган ретінде құрылуы үшін қос палатаның да тәртібі, жұмыс принциптері өзгертіліп жатыр. Оның ішінде Сенаттағы Президент тағайындайтын депутаттардың саны қысқартылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылды. Ол деген Ассамблеядан тағайындалатын 5 депутат жалпы мемлекеттік мүдделермен қатар Қазақстанда тұратын 100-ден аса халықтың мүдделері мен құқықтарын білдіретін болады», - деді Бақыт Нұрмұханов.

Соңғы жаңалықтар