Саяси партия құру тәртібі жеңілдетіліп жатыр
2022 жылғы 18 мамыр 17:28

Саяси партия құру тәртібі жеңілдетіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің партиядан шығуы саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайлар жасайды. Бұл туралы Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұханов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір жобада Президент саяси партиядан шығады деп көрсетілген. Мемлекет басшысы конституциялық реформадан бұрын партиядан шықты. Бұл өз кезегінде саяси бәсекелестікті арттырады. Болашақта Саяси партиялар туралы заңға да өзгерістер енгізіледі. Саяси партия құру тәртібі едәуір жеңілдетіліп жатыр. Сондықтан саяси аренада жаңа саяси күштер пайда болып, өкілді органдарда жаңа депутаттар сайлануы ықтимал», - деді Бақыт Нұрмұханов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды.

Биыл сәуір айында AMANAT партиясының төрағасы ретінде Президенттің өкілеттігі тоқтады.

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Мемлекет басшысы.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT