Саяси-қуғын сүргін тақырыбы іргелі зерттеулерді талап етеді - Ерлан Сыдықов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрнекті тарихшы-ғалым Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың орыс тілінде жазылған «Қазақстандағы үлкен террор» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар қатысқан іс-шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алудан басталды.

«Біздің парызымыз - осы аза тұту күнін атап өту. Себебі өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ. Құрбандардың топырағы торқа, жаны пейіште шалқысын! Біз қазақты жер бетінен жойып жіберу үшін қасақана жасалған аштықты, геноцидті, репресияны ешқашан естен шығармаймыз! Өйткені, бәріміз репрессия құрбандарының ұрпағымыз!», -деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА акдемигі Ерлан Сыдықов.

Әрі қарай күн тәртібіндегі мәселеге ойысып, бүгін елімізде тарихи маңызы жоғары күн екенін, 31 мамыр - Қазақстанда 1997 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келе жатқанын айта келіп, ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен - қазақпын» өлеңінен үзінді келтірді.

Ерлан Бәтташұлының айтуынша, ақын жырлағандай қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем: 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргiнге ұшыраған. 25 мыңнан астам адамға үштiк соттың ең жоғары үкiмі - ату жазасы шығарылып, мәңгiлiкке көз жұмған.

«Бiздiң елiмiзде сол террордың ауқымын мына бiр дерекке қарап-ақ бағамдай беруге болады. 1938 жылдың тек 25 ақпаны мен 13 наурызы аралығында ғана әскери алқа Қазақстанның барлық басшыларын - 650 тұлғаны ату жазасына кескен», - дейді Ерлан Сыдықов.

Осы орайда, ғалым сол жылдары ұлтымыз толығымен көшбасшысыз қалғанын, ұлттың бетке ұстар асылдары тегiс жойылғанын атап өтті.

«Осы тақырыпқа қатысты оқиғаларды біз бірде «саяси қуғын-сүргін құрбандары», бірде «террор», енді бірде «репрессия» деп атаймыз, менің ойымша, бұл - тұтас бір ұлтқа жасалған нағыз геноцид, ұмытылмас, кешірілмес тарихтың ақтаңдақ беті дер едім. Бұл тақырып әлі толық ашылған жоқ. Бұл оқиға туралы талай кітаптар жазылып, зерттеулер жасалып, фильмдер түсірілсе де артықтық етпейді.

Саяси-қуғын сүргін тақырыбы тарих ғылымы үшін толыққанды баға беруді әрі жаңа іргелі зерттеулерді талап ететін өзекті бағыт.

Біз әлдекімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Тарихи шындықты анықтап, мән-жайға қаныққымыз келедi. Бүгін біз осы бір тарихи күнге орай бас қосуымыздың тағы бір бір себебі - белгілі тарихшы-ғалым Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың авторлығымен шыққан «Большой террор в Казахстане» атты монографиясының дәл бүгін тұсаукесерінің өтуі де заңдылықты. Себебі Ілияс Манашұлының бұл еңбегі саяси репрессия мәселесін зерттеудегі жоғарыда атап өткен талаптарға жауап беретін іргелі зерттеулердің бірі. Монография Ілекеңнің ұзақ жылғы жұмысының жемісі. Кітап ғылыми қауымдастықтың тарапынан жоғары бағасын алады деп ойлаймыз. Біз үшін бұл еңбектің университеттің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында орындалуы зор мәртебе», - деді Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ, жиында ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов «І.Қозыбаевтың монографиясы - Қазақстандағы саяси репрессия тарихына жаңа көзқарас», ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана Ковальская «Қазақстандағы саяси репрессия кезеңінің дерекнамасы», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер «Бәріміз репрессия құрбандарының ұрпағымыз» тақырыбында баяндама жасап, тағы да басқа белгілі ғалымдар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

null

Соңғы жаңалықтар