Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған тұңғыш дискілер жинағы жарық көрді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Тауқымет пен тағзым» атты дискілер жинағының тұсауы кесілді.

Тарихи жинақ «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарыққа шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қыздар университетінің баспасөз хатшысы Нәзира Жұмағұлова хабарлады.

Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші бөлімінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының әндері және тақырыпқа сай әндер мен күйлер, екінші бөлімінде көркем-суретті және деректі фильмдер, ал, үшінші бөлімінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының фото мәліметтері мен шығармалары, естеліктері, тақырыпқа сай мұрағат материалдары топтастырылған.

Атап айтқанда, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы «АЛЖИР», «Алаш туралы сөз», Әйткеш Толғанбаев туралы «Музыкант» деректі фильмдері мен олардың әндері, күйлері енгізілген.

Сонымен қатар, топтамада қанды жылдардың құрсауында құрбан болған тұлға Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», «Көкшетау», «Біздің жақта», Қапез Байғабыловтың «Қапездің қоштасуы», Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы», «Алаш ұраны», Ахмет Байтұрсыновтың «Жиырма бес», «Кәмшат бөрік», «Арман» әндері мен Сармантайдың Ахметжанының «Елу сегіз» атты күйі, Әбікен Қасеновтің Сәкен Сейфуллинге арнаған «Қоңыр» атты күйі, атылар алдында соңғы өтінішім деп, Әбікен Қасеновті арнайы шақыртып күйді үйретіп кеткен Әбді Рысбекұлының «Қосбасар» атты күйі, Сүгір Әлиұлының Созақ көтерілісі құрбандарына арнаған «Қосбасар» атты күйі және Әбді Рысбекұлының халықпен қоштасып кетіп бара жатқанда шығарған «Отбасы» күйі ұсынылған.

«1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған CD альбом-жинағын жарыққа шығару тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Басты мақсатымыз - саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шығармалар мен көркем дүниелерді жан-жақты насихаттау. Жас ұрпақ өз тарихын, сол зұлмат жылдары құрбан болған азаматтарды, қынадай қырылған алаш арыстарын біліп өсуі керек»,- деді«Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.

Шара соңында Болатбек Төлепберген Қыздар университеті тарихшыларына естелік ретінде бір топ жинақты тарту етті.

«Бүгінгі жас ұрпақпен қатар, саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттеп жүрген азаматтар үшін бұл жинақ өте құнды дүние болмақ. Мұндағы шығармалар әр адамды терең ойға жетелейді, намысын оятады», - деп атап өтті шараға арнайы қатысқан аталмыш жобаның кеңесшісі, Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

1937-38 жылдарда саяси репрессия кезінде 25 мыңнан аса қазақстандық қазаға ұшырады. Сол зұлмат жылдарда 103 мың адамға айып тағылып, олардың төрттен бірі атылған.

Соңғы жаңалықтар