Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым министрлігі осы мемлекеттік комиссиясының жұмыс органы ретінде бекітілді. Сондықтан алдымызда тұрған ең басты мәселенің бірі – ғылыми әлеуетімізді, ғалымдарымызды осы жұмысқа тарту. Осы мақсатта академиктер, ғылыми зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, еліміздің өңірлерінде орналасқан жоғары оқу орындарының қызметкерлері жұмылдырылып отыр. Негізі, 11 бағыт бойынша жұмыс топтарын ұйымдастырдық. Бұл 11 топта 57 ғалым жұмыс істеп жатыр», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, аталған ғалымдар біраздан бері осы проблемамен айналысып келе жатыр.

«Ғалымдар үшін тиісті жағдай жасап жатырмыз. Университеттерде істейтін ғалымдарды бөгде жұмыстан босатып, тек қана белгіленген міндеттерге кірісіп отыр. Аймақтарда да жұмыс топтары, комиссиялар құрылды. Бұл комиссияларға облыс әкімдерінің орынбасарлары, депутаттар, өлкетанушылар, ғалымдар, қоғам белсенділері қатысып жатыр», - деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол бұл жұмыстардың аясында әдістемелік мәселелерді анықтау өте маңызды екенін атап өтті.

«Сондықтан ғалымдарымыз арнайы әдістемелік мәселеге тоқталып, қаралатын проблемаларды анықтап, тиісті жұмыстарды аяқтады. Қажетті анықтамалар мен кітапшалар жасалып, таратылды. Ең бастысы, бұл бағыттағы қадамдар ғылыми негізде, нақты мұрағаттарға сүйене отырып жасалуы керек. Ғалымдарға мұрағаттарда жұмыс істеу үшін рұқсатнама керек болды, осыған орай тиісті іс-шаралар ұйымдастырылды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның міндеттерін атады.


Соңғы жаңалықтар