+7 (701) 759 90 19
USD 412.55 EUR 465.73
RUB 5.79 CNY 58.91
Jańalyqtar

Саяси қуғын-сүргін: адамдар бір ауыз сөзі үшін жазықсыз жау атанды – тарихшы

2020 жылғы 31 мамыр 09:01
Бөлісіңіз:
Саяси қуғын-сүргін: адамдар бір ауыз сөзі үшін жазықсыз жау атанды – тарихшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Саяси қуғын-сүргінге қатысты мұрағатта хатталған құжаттарды ғылыми айналымға қосу қажет. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов өз пікір-пайымын осылайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз үндеуінде атап өткеніндей, өткен ғасырдың 20-50 жылдар аралығы ел басына күн туған қасіретті кезең болды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай күштеп ұжымдастырудан зардап шеккен, голощекиндік режим ұйымдастырған ашаршылыққа ұшыраған, сталиндік кезеңнің «үлкен террорынан» және өзге қанқұйлы оқиғалардың отынан өткен азаматтарды ел жадында жаңғырту – парыз.

Тарихшының пайымдауынша, жалпы Кеңес Одағындағы қуғын-сүргін 1917 жылдың қазан айынан басталып, 1953 жылға дейін жалғасқан болатын. Бұл кезеңде күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, ұлттық интеллигенцияны қудалау, түрлі халықтарды депортациялау секілді оқиғалар орын алды. Тарихи деректерге қарағанда, Кеңес Одағы бойынша тек 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылып кете барды. Басым бөлігі Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер секілді алаштың зиялылары еді.

-Мұрағат құжаттарын зерделей келе негізінен жазықсыз адамдарды арнайы сот органдары емес, «үштіктердің» жазалап отырғандығына көз жеткіздік. Ең қызығы, жергілікті «үштіктерге» аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы және жергілікті Ішкі істер халық комиссариатының (ІІХК) бастығы кірді. Айыпталушыларға қазіргі замандағыдай авдокат жалдап, өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі берілмеді. Ауыр жаза тағайындау үшін қолдан ұйымдастырылған 2-3 куәгердің сөзі жеткілікті болатын. Асыра сілтеуге бой алдырған шенділер шұғыл түрде үкім шығарып, бірден жазаны орындауға көшіп отырды, - дейді Саялбек Ғиззатов.

1929-1933 жылдардың өзінде Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3 386 адамды ату жазасына кесу жөнінде үкім шығарған. Ал бір ғана Батыс Қазақстан бойынша 1937 жылдың өзінде 853 адам қуғынға түсіп, 335-і атылып кете барған.

Сонымен қатар көптеген азаматтар қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты пікірі, бір ауыз сөзі үшін жазықсыз жау атанды. Мысалы, Орал округі, Жаңақала ауылының тұрғыны Фатима Бакирова «Билік басындағылар байлардың малын тәркілеп, ал коммунистер тәркіленген мүліктерді арақ қылып ішеді» дегені үшін сотталды. Ол кісінің арғы тағдыры беймәлім. Мұндай әділетсіз жазалаулардың тізбегінде шек болмады.

Саяси-қуғын сүргін тақырыбын зерттеу барысында мұрағаттардан сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды суреттейтін көптеген құжаттарды кездестіруге болады. Кеңес Одағы коммунизм идеологиясын кеңінен насихаттау мақсатында совхоз, колхоз жұмысшылары үшін арнайы партия жиналыстарын өткізіп отырды. Мұрағат құжаттарынан 1937-1938 жылдары ауылда партия жиналыстарының күшейтілгендігі байқалады. Мысалы, 1937 жылы 7 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданы Кожехаров ауылындағы «Родник новый» колхозы жанында жалпы партия жиналысы өткізіліп, оған БКП (б) аудандық комитетінің инструкторы Құстамбаев қатысты. Инструктор жиналыста троцкийшіл-зиновьевшіл бандылардың жақтастарының партия қатарында әлі де болса көп екендігін, олардың шахта, транспорт, ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өзге де маңызды салаларда қызмет етіп жүргендігін ашық айтты. Жиналыс қорытындысы бойынша маңызды деп саналған бірқатар шешім қабылданды. Олар төмендегідей еді:

1) революциялық сақтықты қамтамасыз ету үшін тұрғындар арасында төмендегідей көпшілік үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру:

- халық арасында Бүкілодақтық Кеңестер VІІІ съезінің материалдарын, яғни И.Сталин мен Молотов жолдастардың баяндамаларын талқылап, кеңінен түсіндіру;

- колхозшылар арасында дауыстап оқу, әңгімелесу жүргізу шараларын ұйымдастыру;

- әр айдың 17-сі күні көршілес Бударин ауылында бірлескен жиналыс өткізу;

- Кожехаров ауылында әр декада сайын басшылық қызметте жүргендер мен партия қатарында жоқтар үшін үйірме жұмысын ұйымдастыру.

Ал 1937 жылы 26 тамызда Кожехаровта өткен партия жиналысында аудандық комитеттің хатшысы Калментьев баяндама жасап, Ембімұнай, Риддер және өзге аймақтардағы контрреволюциялық әрекеттер туралы хабарлап, әрбір коммунистің «таптық тұрғыдан қырағылық» (классовая бдительность) танытуын, іште жүрген жауларды көрсе, дер кезінде хабарлауын қадап айтты. Нәтижесінде «халық жауларын» іздеу, контреволюционерлерді табу науқаны басталып кетті. Бір ғана аядай ауылда осындай қитұрқы әрекеттердің жүзеге асырылғандығын көре отырып, бүкіл елдегі қуғын-сүргіннің деңгейін көзге елестету өте қорқынышты болмақ.

«Мұндай оқиғалардың тізбегін шексіз жалғастыра беруге болады. Бірақ ең бастысы қазіргі ұрпақтардың алдында үлкен міндеттер тұрғандығын естен шығармауымыз керек. Осы орайда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру жөніндегі бастамасы бүгінгі күн тұрғысынан алғанда өте өзекті деп есептейміз. Ол үшін төмендегі келелі шараларды қолға алуымыз қажет», дейді тарихшы-ғалым.

Біріншіден, күні бүгінге дейін қуғын-сүргін тарихы өзіндік бағасын толық алып үлгермеді. Мұрағатта қатталған құжаттарды ғылыми айналымға қосуды, іргелі зерттеулерді жүргізуді одан әрі жандандыру қажет. Әсіресе, Ішкі істер халық комиссариаты (ІІХК), саяси бюро отырыстары құжаттарын зерделеу өте маңызды болмақ. Ол үшін тарихшы ғалымдарға саяси қуғын-сүргінге қатысты мұрағат құжаттарымен жұмыстануға жол ашылуы керек.

Екіншіден, қазақ даласында ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтан зардап шеккендердің жалпы саны, олардың қилы тағдырына байланысты мәліметтер қайтадан саралануы қажет. Өйткені мұрағат құжаттарына жол ашылса, біраз тарихи оқиғалар әйгіленіп, статистикалық мәліметтер өзгерістерге ұшырайды.

Үшіншіден, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбына байланысты зерттеулерді арнайы қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Мұны ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялап жүрген ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру бағдарламасы, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының» ұйымдастыруымен өтіп жүрген ғылыми-зерттеу жұмыстары конкурсы аясында және тағы да басқа жолдар арқылы жүзеге асыруға болады деп санаймыз.

Төртіншіден, республикалық, облыстық телеарналар, продюсерлік орталықтар арқылы қуғын-сүргінге қатысты көркем және деректі фильмдер, телесериалдар, бағдарламалар көптеп түсірілсе дейміз. Өйткені төл тарихымызды насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор болып табылады.

Бесіншіден, жыл сайын 31 мамырда халықтың тұрғылықты мекенжайлары бойынша орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке барып, ата-бабалар рухына тағзым ететіндігі белгілі. Болашақта өңір орталықтарының барлығында адамдардың күнделікті назарында болатын ескерткіш-мемориалдар салынса нұр үстіне нұр болар еді.

Алтыншыдан, қазіргі таңда үш қазақ қызының саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, ату жазасына кесілгендігі айтылып жүр. Торғай Сүлейменова, Мәмила Таңатова, Шахзада Шонанова сынды қаракөздердің ер адамдармен бірге атылып кеткендігін ескерсек, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігі анықтала түседі. Сондықтан республика көлемінде осы аталған арулардың тұлғалық рөлін көтеру (мүсінін орнату, көше атын беру және т.б.), қыз балалар тәрбиесінде пайдалану мәселесі өте маңызды болмақ.

«Осылайша, қазіргі ұрпақ алдында үлкен міндеттер тұр деп білеміз. «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» дейді халық даналығы. Тарихымызды қаттап, жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Алаш арыстарына тағзым ете білейік, ағайын!» деп түйіндеді ойын.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Елжан Ералы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT