«Саяси апатия» немесе қалалықтар қай партияға дауыс беруге дайын?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 26-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 26-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігімен танысты. Осыған орай «Айқын» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Елбасы Сыр өңірінде болды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, сапар соңында ҚР Президенті екі күннен кейін тойланатын мұсылмандардың ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамына орай Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа Ақмешіт мешітіне аялдап, Құран бағыштап барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған.

«Саяси апатия» немесе қалалықтар қай партияға дауыс беруге дайын?» Осы тақырыппен «Айқын» басылымында жарық көрген мақалаға Саяси шешімдер институтының қала тұрғындарының арасында жүргізген әлеуметтік зерттеулері арқау болған. Зерттеудің қорытындысына сәйкес әрбір бесінші қазақстандық кезекті Парламент сайлауы болса, оған барғысы келмейтіндігін айтса, жартысына жуығы қандай саяси партияға дауыс беретіндігін әлі білмейді екен. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан азаматтардың 34 пайызы «Нұр Отан» ХДП-ға, ал «Ақ жол» мен «Азат» партияларына сәйкесінше 6 және 2,9 пайызы дауыс беретіндіктерін жеткізген.

 Осы басылымда жарық көрген келесі шағын ақпаратта Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық зілтемірші Манеза Мая ел қоржынына алтын медаль  салғандығы жазылған. Шағын ақпарат «Манеза Мая - әлем чемпионы!» деген тақырыппен берілген.

 Қазақстанның мерейін көтерген Манеза Маяны Елбасы құттықтады. «Казахстанская правда» газетінің ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, қазақстандық спортшының тамаша жеңісіне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жеделхатын  жолдаған. Онда «Қымбатты Майя, барлық қазақстандықтардың және өз атымнан сені Оңтүстік Кореядағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтын медальға ие болуыңмен  құттықтаймын. Біздің бәріміз де бұл тамаша жеңісті зор құлшыныспен қабылдадық!  Табандылық, жоғары спорттық шеберлік және қажымас қайратыңды көрсетіп, сен біздің елімізді осы халықаралық сайыстарда лайықты көрсете білдің. Одан әрі табыстар мен жаңа жеңістер тілеймін!», делінген.

«Казахстанская правда» басылымы сондай-ақ Елбасы Н. Назарбаевтың бүгін Беларус Республикасына ресми сапары басталғанын да хабарлаған. 

 Қарашаның 13-інде ҚР Президентімен өткен тікелей желі барысындағы қазақстандықтардың сұрақтарына жауаптар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатыр. «Айқын» газетінің бүгінгі санында жер саласына қатысты түскен сауалдарға ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков жауап берген.  «Елдің әрбір азаматы бір рет тегін жер алуға құқылы» атты сұрақ-жауаптан өзіңізді толғандырып жүрген сауалдарға жауап аласыз.

***

«Азаматтық қоғамы неғұрлым дамыған елдің демократиясы да соғұрлым белсенді. Бұл бүгінде жиі айтылып жүрген жайт. Әйтсе де, қазақ қоғамында дала демократиясы ежелден-ақ салтанат құрған», деп жазады «Нұр Астана» газеті «Билік пен қоғам арасындағы диалог» атты мақаласында. Аталған жарияланымға қарашаның 24-25-і аралығында, елордада өткен 5-ші Азаматтық форум барысында айтылған жайттар арқау болған. Мақалада алқалы жиынға қатысқан ҚР Үкіметі басшысының және Үкімет мүшелерінің сөйлеген сөздері де келтірілген.

 Осы алқалы жиынға орай «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі нөмірінде «Ізгілікті қоғам ізденісті қалайды»  атты  көлемді мақала жарық көрген.

Осы басылымда ҚР Білім және ғылым министрлігі Кәсіби және техникалық білім беру департаментінің директоры Қадырбек Бөрібековпен арадағы сұхбат «Инновацияны кәсіби мамандар жасайды» деген тақырыппен жарияланған. Екеуара әңгіме барысында департамент директоры басылымның мамандардың біліктілігі, оларды дайындауға бөлінетін қаржының көлемі, кәсіптік білімнің сапасы сияқты өзекті сауалдарға тұшымды жауап берген.

***

«Ағымдағы жыл қаржы жүйесіне оңай тиген жоқ. Дегенмен ауыр-жеңіл екеніне қарамастан, тиісті есептер жүргізіле беретіні, сол есептеулер нәтижесінде нақты пікір қалыптасатыны анық. Төменде Астана қаласы бюджеті кіріс бөлігінің он ай ішіндегі атқарылу барысы туралы аз-кем сөз қозғамақпыз», деп жазады «Астана ақшамы» басылымы. Газеттің  қозғаған мәселесі төңірегіндегі егжей-тегжейлі ақпаратты «Қаржылық ахуалымыз қандай?»  атты мақаладан оқып-білуге болады.

«Астана ақшамы» басылымның «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарға тұшымды жауап берген.

Осы басылымда Қазақстанның халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған «Фариза Феномені» атты көлемді мақала  жарық көрді. «Фариза Оңғарсынованың ақындық әлемі - адамның жан-жүрегінің қатпар-қатпар құпиясы өжеттесе өрілген, кісі болмысының тазалығы мен таяздығы, әлеуеті мен әлсіздігі, мәрттігі мен можантопайлығы шарға салғандай шарпысқан, сөйтіп жыр жолдарына қорғасындай құйыла қаланып, тұтас бір тарихи-әдеби дәуірдің идеялық-көркемдік бет-бейнесін қалтқысыз танытқан рухани ризығымыз», деп жазады басылым.

Елбасының Сыр өңіріне сапарын «Литер» басылымы да егжей-тегжейлі жазған. Газет сондай -ақ Мемлекет Басшысының мешітке Құран-кәрім тарту етіп, бүкіл қазақстандықтарды қасиетті Құрбан Айт мерекесімен құттықтағанын жазады.

Сондай-ақ «қаржы-экономикалық дағдарыс қайырымдылыққа кедергі емес» деген тақырыппен берілген мақалада «Литер» басылымы Алматы өткен ТМД-дағы ең үлкен қайырымдылық акциясы  - Вена балына кеңінен тоқталады. Газеттің жазуынша, бұл шоуға сатылған билеттен жиналған ақшаға балалар үйлеріне арналған медициналық жабдықтар сатып алынбақ.

Соңғы жаңалықтар