Саясаттанушылар мен мәдениет қайраткерлері Президент сұхбатына орай пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Хабар» республикалық телеарнасындағы «Жеті күн» апталық-сараптамалық бағдарламасында саясаттанушылар мен мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Президент осы аптада «Qazaqstan» телеарнасындағы сұхбатта бірқатар маңызды мәселеге қатысты нақты жауап беріп, қаңтар оқиғасынан кейін елімізде қалыптасқан жағдайға кеңінен тоқталып өтті.

Бұл тұрғыда Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев Қазақстан шекарасын бұзу мүмкін емес деген ойын айтты. «Өйткені барлық көршілес елдермен біздің шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілген. Осы орайда еліміздің тұтастығы мәңгі болады деп ойлайын», - деді ол.

Өз кезегінде Сенат депутат Дана Нұржігіт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып жатқан реформалары жәй ғана сөз емес екенін, нақты міндеттерді іске асыруға бағытталғанын жеткізді.

«Реформа дегеніміз – жүйе құру. Бұл тұрғыда «кім не үшін жауап береді», «кім кімнен кейін неге жауап беруі керек», яғни әрқайсымыздың әрекетіміз – функциямыз анықталуы керек. Өйткені барлығы араласып кеткен», - деді сенатор.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуы керек екенін айтты. «Сонда ғана бірлігіміз бекемделіп, еліміз көркейе түседі. Бұл біздің өскелең ұрпақ алдындағы міндеміз деп ойлаймын», - деді әнші.

Сонымен қатар, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов Президент халықты еңбекқорлыққа баулуға ерекше екпін қойғанын атап өтті. Бұл тұрғыда еңбекқорлық қасиетін қанымызға сіңіріп, масылдық психологиядан арылу бағытында тиісті жұмыстарды атқару маңызды.

Айта кетейік, биыл 8 ақпанда ҚР Президенті Үкімет отырысында шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде тапсырма берген еді.

Осыған байланысты саясаттанушы Қазбек Майгелдинов соңғы мәліметтер бойынша 40-тан астам мемлекетте Қазақстанның ақшасы жатқанын, бұл қаражат түрлі секторда әртараптандырылғанын айтты.

«Бұл ретте басқа мемлекет екенін, бөтен елдің заңы, басқа елдің қаржы саясаты бар екенін ескеру керек. Ол жақтан ақшаны шығарып алу үшін әуелі нақты тұлғаларды, нақты мекенін анықтап алу қажет», - деді Қ. Майгелдинов.

Мұнымен қоса саясаттанушы Айдар Әміребаев қазір елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымына екпін қойылып отырғанын еске салды.

«Халықты еститін мемлекет бірінші кезекте басшыдан басталуы керек деп ойлаймын. Сондықтан телеарнада болған сұхбатта Мемлекет басшысы бұл жағдайды тиянақты көрсеткенін байқадық», - деді А. Әміребаев.


Соңғы жаңалықтар