Саясаттанушы: Парламенттік сайлауға қатысты мәселелер тек елордада талқыланбауы керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына қатысты мәселелер Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да талқыға салынғаны жөн екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Өскемен қаласында өткен «Сайлау-2021: маңызы мен ерекшеліктері» атты сарапшылар кеңес отырысында мәлім етті.

«Өңірлердегі осындай отырыстардың маңызы зор. Себебі Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына қатысты мәселелер еліміздің бас қаласында ғана емес, аймақтарда да талқыға салынғаны абзал. 10 қаңтарда болатын сайлау ерекше режимде өткізілмек. Олай дейтінім, бұл сайлау коронавирус пандемиясына, әлемдегі экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келіп отыр. Кейбір үміткерлер осыны пайдаланып әдемі сөздерді, құрғақ уәделерді үйіп-төгуі мүмкін. Сондықтан халық таңдау жасар кезде барлығын екшеп, ой елегінен өткізуі керек», - деді Қазбек Майгелдинов.

Оның айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде қоғамда саяси белсенділік артты. Бірақ бұған саяси мәдениеттің төмендігі себеп болған. Соның салдарынан халық әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға жиі сеніп қалып жатады.

«Қазір кім көп лайк жинаса, жұрт соның пікірі дұрыс екен деп ойлайды. Тіпті оның жазғаны негізсіз болса да. Сол үшін Парламент Мәжілісіне «популизммен» айналысатын емес, реалистік көзқарастағы адамдар қажет. Демократия норма мен процедуралардан тұратындығын ұмытпайық. Егер біз қандай да бір нормаларға бағынбасақ, онда саяси бейберекеттік туындайды», – деді саясаттанушы.

Өз сөзінде ол бүгінде мемлекет қоғамның пікірін ескеріп, заңға бірқатар өзгерістер енгізгенін айтты. Сайлауға қатысты жаңа заңда да талай жаңашылдықтар бар. Оның ішінде әсіресе саяси партия құру және тіркеудің жеңілдетілгенін атап өткен жөн.


Соңғы жаңалықтар