Саясаттану, әлеуметтану бағыттарын қысқартқан ЖОО-ларға шара қабылданады – министр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Саясаттану және әлеуметтану пәндерін қысқартып немесе онлайн форматқа көшірген жоғары оқу орындарына қатысты тиісті шара қабылданады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан саясаттанушыларының Х съезі өтті.

Министр А.Аймағамбетов арнайы секцияларда саясаттану пәнінің оқытушылары мен докторанттарын қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдады.

«Әріптестер университет бағдарламасы бойынша «саясаттану» бағыты және жалпы әлеуметтік/гуманитарлық бағыт бойынша (Әлеуметтану 2 кредит, Саясаттану 2 кредит) кредиттер санының жеткіліксіздігі, жоғары педагогикалық жүктеме және ғылыми жұмыстарға уақыт тапшылығы туралы, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру қажеттілігі, оның ішінде ғылыми-зерттеу әдістемесі және академиялық жазу жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ қатысушылардың кейбірі жекелеген жоғары оқу орындары Мемлекеттік білім стандартын айналып өтіп, саясаттану және әлеуметтану бағыттарын қысқартып немесе онлайн форматқа көшіріп, өрескел бұзушылық жасап жатқанын атап өтті. Министрлік осы айтылған фактілер бойынша тиісті шара қабылдайды», - деді министр.

ҚР БҒМ басшысының айтуынша, былтыр министрлікке бағынысты ЖОО ректорларына жалақыны көтеру бойынша тиісті тапсырма берілген. Атап айтқанда, ең төменгі айлық оқытушыларда – 200 мың теңгені, доценттерде – 300 мың теңгені, профессорларда – 350 мың теңгені (ұлттық университеттерде 400 мың теңге) құрауы тиіс болды. Онымен қоса, профессорлық-оқытушылық құрамның жүктемесі бір ставка бойынша 680 сағаттан аспауы тиістігі белгіленді. Бұрын 800-900 сағат болып келген.

«Жалақыны кезең-кезеңімен арттыру педагогикалық жүктемені кезең бойынша азайтумен, барлық бизнес-процесті цифрландырумен және есептілікті түбегейлі азайту жұмыстарымен қатар жүргізілуі қажет», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар