Саясатта ештеңеден қорықпау керек деп ойлаймын - президенттікке үміткер Қарақат Әбден

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР президенттігіне үміткер Қарақат Әбден Орталық сайлау комиссиясының қарауына кандидат ретінде құжаттарын тапсырып болғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы мінберді пайдаланып менің кандидатурамды ұсынған «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігіне білдірген сенімі үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл мен үшін үлкен абырой, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік.

Мен ол адамдардың үмітін ақтауға барымды саламын», - деді үміткер.

БАҚ өкілдері Қ.Әбденнен кезектен тыс президент сайлауына қатысу туралы шешімді қалай және кімнің бастамасымен қабылдағанын сұрады.

«Бұл – менің жеке қабылдаған шешімім. Ешкімнің тапсырмасы немесе кеңесі емес», - деген Қарақат Әбден әзірге президенттіке үміткерлердің ішінде жалғыз әйел адам болса да, бойында ешқандай қорқыныш жоқ екенін жеткізді.

«Саясатта ештеңеден қорықпау керек деп ойлаймын. Әрқашан дайын болу керек», - деді ол.

Еске салайық, Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, мәслихат депутаты Қарақат Әбден президенттіке үміткер ретінде Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын бүгін тапсырған болатын.

Сондай-ақ бүгін ОСК халық коалициясы ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР президенттігіне кандидатурасын барлық талаптарға сай деп шешті.

Бұдан бөлек, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі ұсынған Мейрам Қажыкеннің кандидатурасы талаптарға сай деген қорытынды жасалды.


Соңғы жаңалықтар