Саясаткерлер мен сарапшылар Астананың халықаралық рөлін талқылайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының 20 жылдығын атап өту аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасымен бірлесе отырып, 2018 жылдың 5 маусымында «Астана - жаһан шаһары» атты халықаралық конференция өткізгелі отыр. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конференцияның мақсаты аймақтағы және әлемдегі даму мен қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін өзара сенім мен ынтымақтастықты бекемдеу бойынша жаңа идеяларды талқылау болып табылады. Аталған тақырып конференцияның бірінші сессиясында талқыланбақ», - деп хабарлады министрліктен.

«Ақылды қалалар» бойынша сессияда қатысушылар қалалық инттеллектуалдық технологияларды енгізу және Астананы ары қарай өркендету үшін осы іске халықаралық және отандық бизнесті жұмылдыру мәселелері бойынша талқылау өткізеді.

Астананы инновациялық қаржылық, сауда және көліктік хаб ретінде дамыту жоспарына арналған үшінші сессия елорданың «Белдеулер мен жолдар» бағытындағы келешегін, Батыс пен Шығыс арасындағы диалог бойынша оның рөлін, сонымен қатар аймақтық және халықаралық сауда және байланысты дамыту бойынша Қазақстанның әлеуетін қарастыруды ұсынады.

Сонымен қатар, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына, Халықаралық «жасыл» технологиялар орталығына және AstanaHub IT-стартаптардың Халықаралық технопаркіне ерекше назар аударылады.

Конференцияға Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Франко Фраттини, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Экмелледин Ихсаноглу, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, БҰҰ-ның Сирия бойынша Бас хатшысының арнайы елшісінің орынбасары Рамзи Еззельдин Рамзи, сонымен қатар парламент депутаттары, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қауіпсіздік, қаржы саласындағы сарапшылар қатысады.

Соңғы жаңалықтар