Саясаткердің ең үлкен бақыты неде - Нұрсұлтан Назарбаевтың жауабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың CCTV телеарнасына берген сұхбатында өзінің ең үлкен бақыты туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайлық журналист Қазақстан Президентінің хоббиі мен ылғи бабында жүруінің сыры неде екенін сұрады.

«Дене тәрбиесімен айналысамын, жүгіремін деген үйреншікті жауаптар бар. Жас кезімнен бері спортпен айналысып келемін және бұл әдетіме айналған. Бірақ, саясаткер үшін ең үлкен бақыт - жұмысқа келу, жоспарыңды жетілдіріп, халыққа ұсыну. Және оны жүзеге асырған саясаткер - ең бақытты жан. Жүзеге асырған. Бұл шабыт сыйлайды. Жаның қалаған жұмысты тап, сонда өмір бойы жұмыс істейсің деген сөз бар. Дәл осылай құлшыныспен, ынта-ықыласпен жұмыс істесең, ісің алға басса - шабыт, күш және энергия аласың. Үнемі алда жүріп, халықтың арманы мен үмітін жүзеге асыру керек, сонда мәңгі жас боласың»,-деді Елбасы.

Сонымен бірге, Президент өзін мазалайтын ойлар мен жұмыс жөнінде әңгімеледі.

«Отбасында балалармен, немерелермен кездесу өте маңызды, әрине оған уақыт табыла бермейді, бірақ маңызды. Барлық адамдар президенттің сыртқы қызметін ғана көреді. Сапарға шығамыз, кездесулер өткіземіз. Бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Негізгі жұмыс - физикалық және эмоциялық салмақ - елді көркейту үшін, еліңді өзгелердің құрметтей түсуі үшін, халықтың өмірін жақсарту үшін не істеу керек деп күн сайын ойлану. Бұл ойлар маза бермейді және еңбектенуге, жұмыс істеуге ынталандырады. Бұл да шығармашылық сияқты. Шығармашылық адамдары ұзақ өмір сүреді, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді дейді. Біз де сол сияқтымыз», - деді жауап берді Президент.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының тоғысу аясындағы екіжақты ықпалдастыққа қатысты сауалдарға жауап берді.

Соңғы жаңалықтар