Саясат Нұрбек жатақхана мәселесін шешудің үш жолын ұсынды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жатақхана тапшылығын шешуді көздейтін үш ұсыныс көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдан бастап жатақханалар құрылысы басталды. «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін 50 мың төсек орын енгізілуі керек. Жыл сайын төсек-орын пайдалануға беріледі. Соған қарамастан, қазіргі таңда жүйелі үш үлкен ұсынысымыз бар. Біріншіден, қазіргі таңда «Қаржы орталығы» АҚ жеке инвесторлармен жұмыс істейтін қаржы операторы болып саналады. Бірақ, жеке инвесторлар қазір жатақханалар салу мәселесіне күмәнмен қарайды. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті, «Қаржы орталығының» шарттары да инфляцияны көзге алғанда қолайлы емес», - деген министр ведомство тарапынан бірнеше бастама қолға алынатынын атады.

«Біз «Қаржы орталығымен» бірнеше шартты өзгертіп жатырмыз. Міндеттемелерді 8 жылдан 6 жылға қысқартамыз. Айлық көрсеткіштерді көтереміз, бұл – Қаржы министрлігімен пысықтайтын шаруа. Екіншіден, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жақсы бір үлгісі бар. Алматыда орналасқан жеке қонақүйлер мен хостелдерді жинап, олармен арнайы келісімшартқа отырып жатыр. Қонақүйлер мен хостелдерге де ыңғайлы. Біз міндетті түрде оларға 100 пайыздық тапсырыс береміз. Олармен қаржы модельдері де түзеледі. Осы жобаны біз қазір бүкіл өңірлік университеттермен пысықтаймыз», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол жатақхана құрылысын мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жандандыруға болатынын айтты.

«Үшіншіден, әрине, жеке инвесторларсыз бұл мәселе толыққанды шешілмейді. Сондықтан, ірі-ірі құрылыс компанияларымен, өңірлік құрылыс компанияларымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында, басқа да шарттар арқылы өңірлік универсиеттермен бірігіп жатақханалар құрылысын қолға аламыз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар