Саясат Нұрбек көне түркі дәуірінің ескерткіштерін ашқан ғалымдарды марапаттады

2022 жылғы 31 тамыз, 23:32
Саясат Нұрбек көне түркі дәуірінің ескерткіштерін ашқан ғалымдарды марапаттады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, Халықаралық Түркі академиясы ғылыми кеңесінің төрағасы Саясат Нұрбек бұрын зерттелмеген көне түркі ескерткіштерін тапқан түрколог ғалымдарды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Моңғолияның Ғылым академиясы Тарих және археология институтының археологы A. Энхтөрге, түрколог ғалымдар Н. Базылхан мен Н. Бөгенбаевқа министрліктің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ аталған ғалымдарға және Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге министрдің алғыс хаттары берілді.

Моңғолияның Номгон өңірінде жүргізілген ғылыми археологиялық экспедицияның нәтижелері 24 тамыз күні жарияланған болатын. Экспедицияны Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізді.

«Номгондағы қазба жұмыстарының барысында Орталық Азиядағы Шығыс түркілерінің қаған-князь типіндегі мемориалдық кешендерін ерекшелейтін негізгі архитектуралық компоненттерден тұратын түркі дәуірінің бұрын белгісіз болған тағы бір ескерткіші ашылды. Көне түркілік руна және соғды тілінде қашалған жазуы бар бітіктастың бір бөлігі, тасбақа тұғыры, антропоморфты бәдіз бөлігі (қағанның жартылай бейнесі) және зооморфты мүсіндер (арыстан мен қой мүсіндері) және тағы басқасы табылды», - делінген министрлік мәліметінде.

Министр Саясат Нұрбек бұл жаңалықтың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық экспедиция мүшелеріне түркологияға және әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін алғыс білдірген.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar