Саясат Нұрбек ғылым саласын цифрландыруды қолға алмақ
«Біздің алдымызда ғылымды таныту міндеті тұр. Мұндағы ең басты бағыттардың бірі – министрліктің барлық ішкі процестерін цифрландыру. Бұл сын-пікірлерге бірден жауап беруге және ғылым мен жоғары оқу орындарына бөлінетін қаржының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Саясат Нұрбек.
Алдағы жұмыстардың маңыздылығын ескере отырып, жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінде цифрландыру жөніндегі вице-министр лауазымын ашу қарастырылып отыр.
«Ол ішкі процестерді цифрландыру жұмысын қадағалап, тиісті министрліктермен және ведомстволармен өзара қарым-қатынас ісіне жауап беретін болады. Мысалға, бөлінген қаржыны алдын ала талдау нәтижесі көрсеткендей, цифрлық платформаны ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институттарында қолданыста бар барлық зертхана жабдықтарын есепке алуға көмектеседі. Бұл жаңа жабдықтарды сатып алу ісін жылдамдатады және жұмыс істеп тұрған зертханаларды бірлесе пайдалануды қамтамасыз етеді», - делінген министрлік хабарламасында.
Еске салайық, Ұлттық ғылым академиясында ғалымдармен кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ғылым саласын басқару жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын.
Фото: gov.kz