Саясат Нұрбек Ғылым министрлігі қалай құрылғанын айтты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа ведомствоның қалай құрылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Білім және ғылым министрліктерін бөлу мәселесі қоғамда 2-3 жылдай талқыланған.

«Халықаралық тәжірибеде де мұның бірнеше үлгісі бар. Мәселен, көршілес Өзбекстанда мектепке дейінгі, білім және жоғары білім бойынша үш министрлік бар. 2018 жылы Ресей Федерациясы да Жоғары білім және ағарту министрлігі деп екіге бөлді. Сондықтан, Президент бүкіл ұсыныстарды, сарапшылардың пікірлерін тыңдап, осындай шешім қабылдады. Өткен айдың басында өзімді шақырып, осы Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылып жатқанын, менің жоғары білімге қатысты ұсыныстарым ұнап жүргенін айтты. Өздеріңізге белгілі, мен Президент жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болдым, онда 2-3 рет кездесіп, кадр даярлау, жоғары білім, қолданбалы ғылым жөнінде пікірлерімді айтқан едім. Мен бірден келістім, өйткені қазір Президенттің «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын қолдауымыз керек», - деді Саясат Нұрбек ҚР Президенті Телерадиокешенінің «3 сұрақ» бағдарламасында.

Сонымен бірге, Саясат Нұрбек Президентпен кездесу қалай өткенін еске алды.

«Кездесу өте жақсы болды, Президент көтеріңкі көңіл-күйде болды. Бірақ жауапкершілік те өте ауыр екенін айтты. Есімде қалған негізгі ой – «Саясат, сіз «Жаңа Қазақстанның» жаңа министрі болып тағайындалып отырсыз. Сондықтан жауапкершілік сіздің иығыңызда болады, жүйелі проблемалар жиналып қалды, ғылымның қазіргі мәртебесі, ғалымның қоғамдағы орны, лауазымы, атағы мүлдем түсіп қалды. Сондықтан, ғылымның, ғалымның, профессордың қоғамдағы мәртебесін көтеруге баса мән беріңіз» деп тапсырма берді. Және де кадр даярлау мәселесі – «Жаңа Қазақстанның» негізгі іргетасы, негізгі басым бағыты болғанын айтып кетті. Сондықтан мен сол жауапкершілікті түсініп, алғысымды айтып, Президенттің қолдауын сұрадым. Өйткені, шынында да қазір жаңа жүйелі реформаларды бастау да оңай болмас», - дейді Ғылым министрі.

Оның айтуынша, ескі Білім және ғылым министрлігінен 99 адам Ғылым министрлігіне ауысады.

«Әрине бұл жеткіліксіз, сондықтан Премьер-Министр мен Экономика министрлігінің қолдауымен 310 штатты алып жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасады, осы жылдың соңына дейін 200-250 адамға жеткіземіз (...) Министр болғаннан кейін өмір қатты өзгерді. Күнде демалыссыз жұмыс істейміз. Жаңа министрлік немесе жаңа мекеме құрудың үш форматы бар. Бірінші форматы – дайын министрлікке, дайын аппаратқа келу және жұмысты әрі қарай жалғастыру. Екінші формат – мүлдем жаңа мекеме құру және ең қиыны үшінші форматы екен – жаңа министрлікті құру және ескісінен бөлініп кету», - деді С. Нұрбек.

Еске сала кетсек, 11 маусым күні Парламент Мәжілісінің депутаты болған Саясат Нұрбек ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды.



Видеодан алынған кадр




Соңғы жаңалықтар