Саясат Нұрбек бизнестің бетін ғылымға қалай бұратынын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында ғылым мен өндірістің ынтымағын тереңдету үшін кәсіпорындарға салық жүйесіндегі «супер шегерімдер» тетігін ұсынуды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұхбат барысында ол ғалымдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары қалай іске асып жатқанын баяндады.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылмай тұрып, алты ай бұрын ғалымдардың әлеуметтік пакетін өте жақсы күшейттік. Ғалымдардың ел бойынша орташа айлығы екі есе өсті – 152 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейін артты. Мұның өзі жаман емес. Былтырғы қыркүйектен бері елдегі іргелі ғылыммен айналысатын 11 ғылыми институттағы 1200 жетекші ғалымның айлығын базалық қаржыландырудан тікелей қаржыландыруға ауыстырдық. Алдағы үш жылда ғылымды дамытуға бөлінетін қаражат 3,5 арттырылды. Бұған дейін үш жылда бір рет немесе аракідік бөлініп келген гранттар жыл сайын толығымен жаңарып отырады. 1114 жас ғалымға жеке көңіл бөлініп, жеке гранттар берілді. Былтырдан бері ғылыми зерттеулерді жалғастыру үшін «Жас ғалым» грантын беріп бастадық. Оның мөлшерін айына 500 мың теңге деп белгіледік. Өйткені, жас ғалымдар қалай тіршілік етем деп, несиені қалай төлеймін деп ойламай, ғылыммен ғана шұғылдануы керек», - деді министр.

Сондай-ақ, ол биыл «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданатынын еске салды.

«Біз алғаш рет Салық кодексі мен Бюджет кодексіне, Инвестициялық кодекске кіріп отырмыз. Ондағы ойымыз өте қарапайым. Бұл халықаралық тәжірибеде, жылдам дамып келе жатқан елдердің бәрінде баяғыдан қолданылып келеді. Бұл – салық жүйесіндегі «супер шегерімдер» тетігі. Бизнеске, компанияларға, өнеркәсіпке ғылыми әзірлемелермен айналысу тиімді болатындай, ғылыми мазмұны басым өнім шығару тиімді болатындай, қосылған құн тізбегіне ену тиімді болатындай жағдай жасалады деген сөз. Бұл «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның сұлбасында қазірдің өзінде төселген. Биыл осы заңды қабылдауымыз керек. Сол заңда бизнестің бетін ғылымға бұру міндеті, ғылымды бизнестің сұранысына сай болатындай етіп дайындау міндеті, оны жеткілікті қаржымен, технологиялық құралдармен қаруландыру міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан, біздегі технологиялық зертханалардың бәрін қайта жабдықтауды бастап, ұлттық салалық ұжымдық зертханаларды қалыптастыру циклін аяқтап жатырмыз», - деді Саясат Нұрбек.


Соңғы жаңалықтар