Саясат Нұрбек балаларының қайда оқып жатқанын айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз балаларының қайда білім алып жатқаны туралы журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балаларым жазда елге оралды. Олар 4 жылдан бері Солтүстік Кипрде британдық жеке мектепте оқып жатыр. Ондағы білім өте сапалы және біздің жеке мектептермен салыстырғанда анағұрлым арзан. Біз балалармен бұл тақырыпта байыппен сөйлестік, олар айтарлықтай есейген. Шетелдік мектептердің бір жақсысы – балаларды дербес болуға және сындарлы ойлауға үйретеді. Балаларым өз таңдауын жасады, олардың таңдауына құрметпен қарауым керек», - деп жауап берді министр Орталық коммуникациялар қызметінде журналист сұрағына.

С. Нұрбектің айтуынша, балалары Кипрде білім алуды жалғастыруды ұйғарған.

«Мен де балаларымның таңдауын құрметтеп, олардың шешімімен келістім. Қазір барлық күшімді, уақытымды, энергиямды жоғары білім мен университет ғылымының мәселелеріне арнап жатырмын. Сондықтан, менің және балаларымның пікірін құрметтеуді сұраймын. Кәсіби қызметіме байланысты кез келген диалогқа, кез келген сұраққа, сын-ескертпелер мен ақыл-кеңеске ашықпын. Кез келген тілшімен жеке кездесіп, кәсіби тұрғыда сұхбаттаса аламын. Сондықтан бұл тақырыпты жабуды ұсынамын», - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым министрі балаларын неге шетелде оқытқанын түсіндіріп, 26 маусым күні балаларын елге әкелетінін айтқан.


Фото: ortcom.kz





Соңғы жаңалықтар