Сауытбек Абдрахманов 70 жаста: Алдыңғы буынның ақжармалары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі мемлекет қайраткері, қазақ баспасөзінің сақа менеджері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов 7 қарашада 70 жасқа толады. Осы мерейтойға орайластырып ҚазАқпарат Сауытбек Абдрахмановты жақын білетін алдыңғы буын өкілдерінің лебізін ұсынып отыр.

«Мәмілегер, мемлекетшіл тұлға»

Қазақстан Журналистика Академиясының академигі, Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омаш: Сауытбекті мен студент кезінен білем. Ол бізден кейін 1-2 курс төмен оқыды. Алғашында кинорецензиялар жазып жүрді. Онысы өте ширақ, кісіні ойландыратындай еді. Сонысымен белгілі болды. Ал былай жалпы студенттердің арасында аса белсенді болған жоқ. Бірақ рецензияларды әдемі жазып жүрді.

Сауытбек, былайша айтқанда, аяқ астынан шыға келген адам емес. Бұл – біртіндеп қалыптасқан жігіт. Барлық сатыдан өткен. Шеберлігі де, азаматтық позициясы да, мемлекетшілдік қасиеті де біртіндеп қалыптасқан.

Осы 70 жасқа ол барлық сатыдан өте отырып жетті. Әсіресе, Әбіш Кекілбаевтың ескерткіші ашылған кезде оның қаншалықты кемеліне келгенін көрдік. Қазақ руханиятының абыздары әуелгі сөзді соған беруі тегін емес еді. Несін жасырамыз, жасы үлкен ақсақалдар көбіне өздері сөйлеп, алда жүреді ғой. Ал енді орынды жерінде Сауытбектің Әбіш туралы ағыл-тегіл білімі бар екенін мойындап, қатарларына қосып сөйлетті. Іле-шала Әбіш туралы үлкен еңбегі шығып, мемлекеттік сыйлықты алды. Мұның бәрі – Сауытбектің 70-ке дейін жүріп өткен жолы. Ол жолды бірыңғай даңғыл деп айтуға болмайды.

Ол партия саласында да жұмыс істеді. «Егемен Қазақстанды» басқарып тұрған кезде қандай ашылды?! Кез келген тақырыпта, орыс әдебиеті болсын, шетел мәселесі болсын, қазақ қоғамындағы проблемалар болсын, журналистика мәселелері болсын, төгілтіп, терең зерттеп, өзінің бағыт-бағдарымен ой салатындай дүниелер берді. Мықты ұйымдастырушы екенін де дәлелдеді. Ұйымдастырушы болмаса, ол «Егемен Қазақстанның» басында редактор болып ұзақ жыл отырмас еді. Өйткені журналист болған соң әділдікті жақтаймыз деп қаттырақ кететін сәттеріміз болады. Кейде эмоцияға беріліп жатамыз. Ал Сауытбек соның бәрінде ұстамдылық көрсетті. Тіпті, керек десеңіз, билік пен халықтың арасында алтын көпір болды - бұл азамат. Соны жарастырды. Ал ол үшін адамның бойында мәмілегерлік қасиет болуы шарт. Өзінің беделін сала отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің абыройын көтерді. Журналистиканың пұшпағын илеп жүргенімізге біраз жылдар болды ғой. 40-тан аса кітап зерттеп шығардым. Ал осы Сауытбектің істеген шаруасы біздің қолдан келмейді. Оны мойындауымыз керек. Шындықты айтқаннан ешкім кішірейіп қалмайды. Мен Сауытбектің өсу жолын да білемін. Көзге көрінбейтін қиыншылықтардың да бар екенін білемін. Кейде ондай үлкен тізгін ұстап отырған адамдар бір сәт ащы сөйлейтін журналистердің сөзіне ілігіп, әр түрлі бет жыртысатын немесе қатты-қатты айтылатын дүниелер, жағдайлар болатын шығар. Бірақ негізінен ол бүгінгі жасына үлкен абыроймен келді. Оның табанының бүрі бар, азаматтық позиция нық журналист екеніне куә болып келеміз. Тек журналист емес, мәдениеттанушы, әдебиеттен де хабары бар, саясаткер де. Керемет мемлекетшіл тұлға екенін де дәлелдеді. Ал ондай жан-жақты қыр кез келген адамда бола бермейді. Сондықтан біз оны бір жағынан жолдасымыз ретінде мақтаныш етеміз, екінші жағынан таңданамыз. Сауытбектің орнына өзімді қойсам, ондай дүниені атқаратыныма күмәнім бар.

Жетпіс жасы құтты болсын! Ел алғысын арқалай берсін!

«Шерхан мен Әбіштің ізін жалғап келеді»

Саясаткер, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов: Сауытбек Абдрахманов – көз алдымызда өскен бауырымыз. Тәуелсіздіктің қарсаңынан бері бірге қызметтес болдық. Әсіресе оның руханият саласындағы еңбегі қоғамда өте жоғары бағаланғанына куә болдық. Сауытбек өте білімді жігіт болып қалыптасты әрі білімі жан-жақты да. Өте тиянақты, тыңғылықты, не жұмыс жасаса да, асықпай, саспай, алды-артын түгел қамтып, дәлелдерін, дерек көздерін түгел анықтап, жеке шығармашылық қызметіне зор жауапкершілікпен қарайтын азамат.

Сауытбек зерттеу саласында көп жетістіктерге қол жеткізді. Мұның әдебиет саласында зерттеушілік еңбектері көп. Пушкиннің шығармашылығын зерттеуге, әлем әдебиетіндегі көрнекті-көрнекті тұлғалардың еңбектерін зерттеуде орасан еңбек етті. Біздің мемлекеттік құрылысымызға байланысты Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбат түрінде жазған «Өмір өткелдері» деген ауқымды еңбегі, сол сияқты мемлекет қайраткерлері туралы, солардың ішінде әсіресе Әбіш Кекілбаевтың қайраткерлігі мен шығармашылығын зерттеген «Абыз Әбіш» деген монографиясы мемлекеттік сыйлыққа лайық энициклопедиялық туынды болды.

«Егемен Қазақстан» газетін 20 жылға жуық басқарып, таралымын кеңітті. Қоғам үшін «Егемен Қазақстан» орны бөлек трибуна десек, соның мәртебесін одан әрі көтеріп, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалиндердің дәстүрін әрі қарай жалғастырып, дамытты. Газеттің сапасын заман талабына сай дәрежеге көтергені де абыройлы еңбек болды. Кейінгі жылдары Сауытбек Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан ең жоғарғы заң шығарушы орган – Парламенттің Мәжілісінде депутат болып жүр. Осы қызметтердің бәрінде Сауытбек ақырын жүріп, аңдап басып, өте нәтижелі еңбек еткен азаматтарымыздың бірі. Сауытбектің еңбегіне де, оның қоғамдағы орнына да сондай ризашылықпен тілектеспін. Ол өзінің еңбегіне қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ризашылығына ие болған тұлға. Деніне саулық, өміріне ұзақ шығармашылық тілеймін.

«Мен оған қиянат жасаған сияқтымын»

М емлекет қайраткері, филология ғылымының докторы , профессор Мырзатай Жолдасбеков :

Мен білетін Сауытбек Абдрахманов – білімі қандай биік болса, кішіпейілдігі соншалық терең, айтса айта да алатын, жазса, жаза да алатын, өте білімді азамат. Маған оның сабырлы, байсалды қасиеттері ұнайды. Біз бір кездері Орталық партия комитетінде бірге қызмет істедік. Идеология бөлімін басқарып тұрған шағым. Қарамағымда қайран Әбіш, Төлен, Сейіт, осы Сауытбек бірге қызмет істеді. Жасыратыны жоқ, аға-іні болып сыйласа білдік. Кейде партияны емес, сол бірге жүрген күндерімізді, сыйластығымызды аңсаймын...

Қандай тапсырма берсем де, Сауытбек менің жанымды тындырып отыратын. Кез келген тапсырманы әбден орнықты қылып, терең ынтамен орындаушы еді.

Былтыр Әбіш жайында жазған монографиясына мемлекеттік сыйлық берілді ғой. Бәріміз қатты қуандық.

Қысқасы, Сауытбек – мақтауға да, онымен мақтануға да тұратын азамат. Кеше ғана «Сауытбек, Сауытбек» деп жұмсап отыратын ініміздің бүгін жетпіске келгенін естіп, аң-таң болып отырмын.

Мұндай азаматтар елге керек. Айқайы жоқ, әр нәрсеге терең түсінікпен баға беріп отыратын қасиеті бар. Жұрт біле бермейтін қасиеті де бар. Сауытбек бір жағынан ақын. Қолма-қол қиыстырып, суырып салып айта да салады.

«Жүк ауырын нар көтереді» дейді ғой, кезінде идеология бөлімін басқарып жүгенде жүктің ауырын көбінде Сауытбекке артатын едім. Соның бәрін көтеріп кететін. Келген жасы құтты болсын. Ел-жұрты, отбасы аман болсын.

Тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде бірге ақылдасып қызмет істейтін сенімді серік болды бұл Сауытбек. Әлібек Асқаров бар, Сауытбек бар, шұғыл шаруа шыға қалса, лезде жиналып, оңтайлы шешімін бірге табушы едік. Сондай жауапты шақтарда нағыз терең ойды Сауытбек айтатын. Аға ретінде сонысына әлі ризамын. Содан кейін де болар, кейде өкінем. Бір жағы қиянат сияқты болды. Орталық партия комитетінің идеология бөлімін басқарып тұрғанда руханият саласындағы қызметтің бәрі қолымызда болды. Сауытбекті сол кезде-ақ, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор қылып қоюға болатын еді. Керек болса, Мәдениет министрінің де қызметін ертерек беріп жіберуге болатын еді. Ол кезде Сауытбекке қызметті қимағаннан бермей қойған жоқпын. Өзім қиналып қалам ба деп, жанымнан жібермедім. Шынымды айтайын, ақылдасатын адам керек еді. Өртеніп тұрған заманда партия деген «шаш ал десе, бас алатын» жүйе ғой. Сауытбек барда бірдеңеге ұрынармын деп қорықпадық. Өйткені ол мүлде қателеспейтін азамат.


Соңғы жаңалықтар