Сауытбек Әбдірахманов: Шераға қалдырған үлгі үшін алғысымызды айтамыз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Арыстай асыл ағамызды шығарар сәтте соңғы рет басымызды иіп, Шераға қалдырған үлгі үшін алғысымызды айтамыз. Бүгін белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салуға арналған жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шераға бала күнінен Сайсамай болысты қақ маңдайынан атқан Рысқұлдың тәрбиесімен өткен Тұрардың жолын жалғады. Тұрардың даңқын бала күнінен естіп өскен ер Бауыржан сол жолды жалғап өтті. Бала күнінен Жуалының жерінде аты аңызға айналған, есімін жаттап өскен Шерағаң да сол жолда болды. Міне, сол жол алда да жалғаса береді. Халық барда, ел барда, ұлы даламыз барда дараларымыз да, даналарымыз да бола береді. Қош, Шераға!», - деді депутат.

Сауытбек Әбдірахманов бүгінде халқы Шерхан Мұртазаның рухына лайықты құрмет көрсетіп жатқанын айтты.

«Арыстай асыл ағамызды шығарар сәтте соңғы рет басымызды иіп, тағзым етіп, Шераға қалдырған үлгі үшін алғысымызды айтамыз. Бір жағдайға тәубе дейміз. Біз егеменді ел атанып, көк аспанымызға көк туды тіккелі бері елдік дәстүрлеріміз қалпына келе бастады. Солардың бірі асылдарды ардақтай алу, жақсылар дүниеден өткенде ел болып, жұрт болып жоқтай білу. Қазір қалыпты жағдайға айналған осындай дүниелер бізде үнемі бола берген жоқ. Бір ғана мысал айтайын, ер Баукең дүниеден өткенде оның тәнін қара жер қойнына 4 күн бойы бере алмай, іштен тынған  кез болған. Баукең дүниеден өткен күн Қазақстанның Ресей құрамына өз еркімен қосылғанына 200 жылдық торқалы тойына тұспа-тұс келіп, сол той өткенше, соған келген хатшы Мәскеуге жеткенше «Баукең өлді» деген хабар тек сымсыз телефон арқылы халыққа тарады. Осындай заман болған. Қазіргі кезде ел болып қабырғамыз қайыса алатынымызға, елдігімізді көрсете алатындығымызға шүкір айтамыз. Алдыңғы күні түннен қаралы хабар жеткелі бері телеарналар, газеттер жалғап, бүкіл қазақ елі Шерағаны жоқтап жатыр. Мәйітке құрмет - әбден лайықты тағзым ету деп санаймын», - деді С.Әбдірахманов.

Мәжіліс депутаты жазушының қалдырған мол әдеби мұрасы жайлы да тілге тиек етті.

«Шерағаңның  қалдырған өнегесі көп. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жазушының публицистикалық туындыларын жинақтап, «Намыс найзағайы» деген атаумен шығардық. Бұл кітаптың атауының өзі дәл қойылған. Ол кісі өмір бойы намыстың найзағайын жарқылдатып келеді. «Лениншіл жасты» лаулатқанда да, «Жалынды» жандырғанда да, «Жұлдызды» жарқыратқанда да, «Егеменді»  еңселендіргенде де, әсіресе Парламент мінберінен ақырып теңдік сұрап, тіл, дін, ел қорғау туралы ғажайып сөздер айтып, қашанда ұлттың, елдің намысын жыртты. Бұл кісі қазақтың жадында өзіне тән сері, ері қалпында қалады. Солай аманат етіп кетті деп санайық. Сол аманатқа адал болуға тырысайық», - деп аяқтады сөзін С.Әбдірахманов.

Соңғы жаңалықтар