Сәулетшілер одағының басшысы Шымкентте ипподром орнына үйдің салынуын сынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали Шымкенттегі атшабардың орнына тұрғын үйдің салынуын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, BI Group құрылыс компаниясы салып жатқан үйдің жобасы ешқандай сараптамадан өтпеген.

«Сәулет саласында қордаланған мәселелердің мысалын бүкіл республика бойынша келтіруге болады. Шымкентте де негізгі проблемалар бар. Естеріңізде болса, шымкенттіктер мен BI Group-тің арасында ескі ипподромға қатысты дау туындаған еді. Қала жұрты тарихи нысанға тіпті қол тигізуге түбегейлі қарсы болды. Бірақ қолдарынан ештеңе келмеді. Өйткені бүгінгі таңда Қоғамдық кеңес деген бар. Бұл Қоғамдық кеңестер осы сияқты мәселелерді тиімді шешудің құралып болып кеткен. «Иә, біздің азаматтарға үнемді баспана керек. Арзан баспана неғұрлым көп болса, халыққа соғұрлым жақсы» деген ұстанымды тықпалады. Бірақ ол құрылыстың жобасы ешқандай сараптамадан өтпеген. Соған қарамастан салынып жатқаны көңілге келеді», - деді одақ басшысы.

Серік Сұлтанғали өзі сынап отырған нысанның басында болғанын айтады.

«Мен Шымкентте болдым, ол биік үйлерді көрдім. Қаланың басқа бөлігімен үйлесім де тауып тұрған жоқ. Осының бәрін өз атымен атасақ, тек көбірек баспана салып, көбірек ақша тапса болды», - деді Қазақстан сәулетшілер одағының президенті.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулеттік құрылысын жоспарлау ережесі бекітілгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар