Сәулет Сахиев: Ауыл әкімін сайлау - еліміздегі маңызды оқиғаның бірі

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ауыл әкімдерін сайлау - ел өміріндегі маңызды оқиғаның бірі. Ол сол қызметке келген әрбір азаматтан демократияны, ашықтықты, жауапкершілікті талап етеді.Саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде бүгінге дейін көптеген саяси маңызды іс-шаралар атқарылды. Ауыл әкімдерін сайлау сол іргелі істердің лайықты жалғасы іспеттес. Жергілікті халықтың өзін-өзі басқару үрдісіне оң ықпалын тигізетін ауқымды жұмыс алдағы уақытта үлкен пайдасын тигізеді деген ойдамын. Елімізде тұратын халықтың 40 пайыздан астамы ауылдық жерді мекен етеді. Бұл көрсеткіш Қызылорда облысында 50 пайыздан асады. Осыған орай ауыл әкімдерін сайлау маңызды оқиға деп атап өтсек те артық емес. Соған көз жүгірте отырып аталған саяси шараның азаматтар мен мемлекеттің, билік пен қоғамның арасындағы қарым-қатынастың жаңа принциптерінің орнығуына ықпалы зор болмақ», - дейді С. Сахиев.

Оның айтуынша, жаңа реформаның қоғам өмірінде алатын орны зор. Қазір ауыл әкімдігіне арналған бюджет қарастырылған. Ол жергілікті жердегі кейбір түйткілдерді шешу мәселесіне өз септігін тигізіп отыр.

«Рас, бүгінде ауылдық жерлерде бірқатар проблемалар жүйелі шешіліп келеді. Еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік сала бойынша мектеп, аурухана, клуб секілді әлеуметтік саладағы жаңа ғимараттар бой көтерді. Көптеген ауылдарға газ, су секілді қажеттіліктер тартылып, жарық мәселесі түбегейлі шешімін таба бастады. Ал қалған проблемалар бойынша қазір ауыл әкімдігінің құзырына берілген дербес бюджет арқылы шешуге толық негіз бар. Ендігі кезекте ауыл әкімін сайлау арқылы билік пен бұқараның арасы жақындап, елдегілер дербес бюджет арқылы ортақ шешімдер қабылдауға негіз қалайды», - деген пікірде ғалым.

Әрине, ауыл әкімін сайлау тұсында жұртшылық таныстыққа, рушылдыққа, ағайындыққа салынбауы тиіс. Халықтың таңдауы демократия үрдісінде жалғасуы қажет.

«Сайлауға түскен әрбір азаматтың іскерлігі, белсенділігі, жауапкершілігі басты орында болғаны талап етіледі. Бұл әрбір ауылдың заманға сай дамуына негіз қалайды. Қысқасы, ендігі кезекте әкімдер жергілікті жердегі сумен жабдықтау, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру сынды мәселелерге өз деңгейінде көңіл бөледі. Осындай өмірлік маңызды бар мәселелерді шешу олардың беделі мен абыройын көтереді. Олардың жауапкершілігі артып, ауыл тұрмысын жақсартуға деген ынтасы оянады», - деп атап өтті С.Сахиев.


Соңғы жаңалықтар