Сәуле Әзімханова: Латын әліпбиіне өту - қазіргі заман талабы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Латын әліпбиіне көшу - қазіргі заман талабы. Астана қаласындағы №30 мектеп-гимназия директоры Сәуле Әзімханова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәуле Мыңшалқызы өскелең ұрпақты оқытып, еліміздің негізгі капиталын жасақтауда жұмыс атқарып отырғандықтан, еліміздің ертеңі ерекше алаңдататынын айтып өтті.

«Латын әліпбиіне көшу мәселесіде бізді шет қалдырмауы тиіс. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілшілері осы мәселені қозғап келеді. Менің ойымша, бұл - қазіргі заман талабы. Бүгін ғылым мен білім, жаңа технологияларға жаңа үрдістермен жаңалықтардың барлығы да латын әрпіне негіз­делген жүйеде өтуде. Біздің келешек жас ұрпағымыз сол көштен қалмау үшін аталған үрдіске ілесуге тиіспіз. Одан қазақ тілі өркендемесе, өшпесі анық. Әрине бұл жұмыс жүйелі түрде кезеңдеп енгізілуі абзал. Оған мысал көрші елдердің осы жолда, жіберген қателіктері. Кезiнде Түркияда түркi әлемiндегi латын графикасын жасауда ағаттық кет­кенi бар. Түрiк әлiпбиiне кейбiр дыбыстардың әрiп­терiн түсiру үшiн қосымша басқа әрiптер енгiзiлдi сол тұста. Алайда ол әрiптердi Әзербайжан, Түрiкмен елдерi қабылдамады», - дейді Сәуле Әзімханова.

Ол осы шараның қазақ тілі дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты деп санайды.

«Бүгінге дейін өзіміз әбден үйренісіп, қолданып келе жатқан кириллица жазуы да аса жетілген, кемел емес екенін білеміз. Мұны түсіндірме сөздікпен жұмыс істеуде, әсіресе сөздердің орфографиясы, орфоэпиясына келгенде анық байқалады. Тілімізді бұзып келе жатқан бірнеше артық әріптер бар, олар жазуымызда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынбайтын кемістіктер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тіліндегі заңдылықтар бойынша сақталып жазылуында, басы артық ь, ъ белгілері, в, ф, ц, ч, щ, ю, я әріптері, т.б. қиындықтарды мамандар жақсы біледі, айтып та жүр. Латынға көшуде өзге себептермен қатар, тілдік тұрғыдан осы бір қиындықтарды шешуге, қазақ тілінің дыбыс жүйесін сақтайтын, табиғатына сай жүйелі, жетілген әліпбиді түзу мүмкіндігі туып тұр емес», - дейді Сәуле Әзімханова.

Білім ордасы жетекшісінің айтуынша әліпби ауысқанда оны меңгеріп кетудің аса қиындығы жоқ.

«Осыдан бірер жыл бұрын қиындық тудыратын ағылшын алфа­витімен қазір көпшілік таныс, оларға латын әліпбиін үй­рену қиынға соқпасы анық. Өйткені, әріп­тері өте ұқсас. Сондай-ақ, латын алфавиті арқы­лы қазақтың ұмы­тылып кеткен төл дыбыстарын қайта туғызуға мүмкіндік бар. Жаңа әліпби арқылы тари­хымызды, әде­биетімізді, ақпараттық кеңісті­гімізді сүзгіден өткізіп, қажетсіз дүние­лерден құтыламыз. Оның үстіне, тарихта латын алфа­витін аз уақыт болса да, пайдаланып көргенбіз, демек аз да болса, бұл мәселе бойынша тәжіри­беміз бар», -дейді ол.

Білім оржасының жетекшісі ұлтымыздың рухани жандануына ат салысуды ұсынады. Себебі рухани кодымыздың басты діңгегі, ұлттың күллі қастерлі ұғымдарын, қасиеттерін бойына жиған өзегі тіл болып табылады.

«Рухани жаңғыру дегеніміз - сананы жаңарту, жас ұрпақта рухани сана қалыптастыру. Басында жіберген қателіктен жастарымызды арашалап алу керек, келеңсіз құбы­лыс­қа душар болған қандас­тарымызды ту­ған ұясына қайтаруды көздейтін, елі­міз­де қоян-қолтық өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің халқымызбен бірлігін нығайта түсетін кешенді шаралар жүргізілуі дұрыс. Ме­нің ойымша, латын әліпбиіне өту - осындай шараның бірі, барша жұртты қазақ төңірегіне тығыз топтастырып, қа­зақ мүддесін жалпыұлттық мүдде ре­тінде қорғауға жұмылдыратын, ти­ісінше ел бірлігін арттыра тү­се­тін шарт - халықты тарихпен, салт-дәстүрмен тәрбиелеуде жатыр», - дейді Сәуле Мыңшалқызы.

Соңғы жаңалықтар