Сәуле Айтпаева бала зорлығы жайлы: Мәселені айта бергеннен жүк жеңілдемейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева Түркістан облысында зорланған баланың мектепке барғанын айтып, «жасы толмаған айыптыларға» қатысты ойын білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарыағаш ауданындағы Абай селосында болған жағдайға қатысты бір баланың жасы келіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал басқалардың жастары әлі келмеген (яғни, қылмыстық жауапкершілікке тартатындай кәмелет жасқа толмаған - авт.). Қазір олар бақылауда жүр. Екіншіден, олардың ата-аналарымен жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Сәуле Айтпаева Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Балалар омбудсменінің айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық, тұрмыстағы зорлық, сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық ендігәрі болмастай етіп жазалайтындай жазаны әлем әлі ойлап таппаған.

«Олар өздерінің психикасын бұзу арқылы қазірдің өзінде жазаланып отыр. Ең қаһарлы жаза - ол психикалық және эмоциналдық жаза. Бұл өсу-жетілу барысында айқын көрінетіні анық. Біздің Президент балаларымызға махаббатты бере білуіміз керектігін үнемі айтады. Адам баласының қолынан келетін ең үлкен ерлігі - ұнамайтын адамға бой үйретуі. Оларға (балаларға - авт.) осы жай үлкен сабақ болатындай, олар нағыз адам болып кететіндей тәрбиелеу керек», - дейді Сәуле Айтпаева.

«Бала (зардап шеккен - авт.) оқып жатыр. Айтарым: біз бұл мәселені неғұрлым көп айта берсек, келтірілген ауырлықтың жүгін жеңілдете алмаймыз. Сондықтан, қай мектепке, қай сыныпқа барғанын, мұғалімінің кім екенін білсек те, айтпаймыз», - деп түйді балалар обсудсмені.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың наурыз айында Түркістан облысында 7 жасар баланы ұру және зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал осы айдың басында Түркістан облысында кәмелет жасқа толмаған баланың зорлануы туралы іс аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар