Сәуле Атығаева: Вирустан қорықпай өмір сүргіңіз келсе, екі рет 30 минуттан қиыңыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус вакцинациясына қарсылық білдіретін адамдарды көбінде фармацевтикалық фирмалар қаржыландырады. Нұр-Сұлтан қаласының Көпбейінді медициналық орталығы директорының орынбасары Сәуле Атығаева осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімдігі ұйымдастырған «дөңгелек үстел» барысында Сәуле Атығаева вакцина алған адам мен алмаған адамның өмірін салыстырып қарауды ұсынды.

«Еліміздегі әр адам медициналық ұйымға немесе арнайы пунктке барып өмірінің 30 минутын вакцина алуға бөле алады деп ойлаймын. Өйткені бұл жұмыс өте жақсы пысықталған. 30 минуттан артық уақыт шығындамайсыз. Осы 30 минуттан кейін қалыпты алаңсыз өмірге оралуға болады. Тағы 21 күн өткеннен кейін - екінші 30 минутты қиса болды. Антидене осылай қалыптасады. Вакцина алғаннан кейін кейбір адамдар ауырсыну сезінуі мүмкін. Бірақ мұндай әсерлер 1-2 күннен аспайды. Яғни өз денсаулығыңызды үлкен қатерге тіккенше, вакцина алған әлдеқайда ақылға қонымды», - дейді маман.

Ол өзінің тәжірибесінде бұған дейін екі індетпен бетпе-бет келгенін, вакцинаның ол індеттерді қалайша тоқтатқанын баяндап берді.

«Мен мұны сіздерге 28 жыл еңбек өтілі бар инфекционист дәрігер ретінде айтып отырмын. Мен 1994-95 жылдары дифтерияның өршігенін көрген адаммын. Ол кезде де түгел отбасыларды көмгеніміз есімде. Медицинаның арқасында, вакцинаның арқасында ол індетті де жеңген болатынбыз. Содан бері 25 жыл өтті. Дифтерияның бірде-бір жағдайын кездестірген жоқпын.

Тіпті қызылшаға қарсы балалар вакцинасы болмаған кезді де көрдік. Вакцина табылғаннан бері оның да өршігенін көрген жоқпыз. Сондықтан екпеге қарсы адамдарды тыңдаудың керегі жоқ», - деген Сәуле Атығаева вацинаға қарсы үгіт-насихаттың артында дәрі-дәрмек саудасының лоббиі тұруы мүмкін деген пікір білдірді.

«Бәлкім оларға адамдардың ауырғанын, көз жұмғанын көру қуаныш сыйлайтын шығар. Көп жағдайда екпеге қарсы адамдарды фармацевтикалық фирмалар қаржыландыратын болып шығады. Оларға ауру көп тараса, дәрі шығаруға мүмкіндік туады. Ауруды анықтау үшін диагностика жасау да табыс көзі болып көрінетін шығар. 30 минут уақыт бөліп, өмірге сенімді қадам басу дұрыс па? Әлде аман қалуы екіұшты күйде, күдікпен өмір сұру дұрыс па? Әркім өзі шешуі керек», - деді дәрігер.

Аталған шарада Сәуле Атығаева коронавирустан көз жұмаған адамдардың туыстырының басты өкінішін атады.



Соңғы жаңалықтар