Сәуір айында теңге нығайды - Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында валюта нарығындағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы сәуірде ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. Мұнай өндіруді қысқарту туралы ОПЕК+ қол жеткізген уағдаластық, акциялар нарығындағы позитивті жағдай және экономикасы дамушы елдер мен мұнай экспорттаушылар валюталарының нығаюы теңгеге оң ықпал етті. Нәтижесінде биылғы сәуірде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 424,57 теңгеге дейін 5,2% нығайды», - деді Ерболат Досаев қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, карантинді ескере отырып, көптеген кәсіпорындар шектеулі режимде жұмыс істеді. Бұл шетел валютасына сұраныстың төмендеуіне, нәтижесінде биржадағы сауда-саттық көлеміне әсер етті.

«Биылғы наурызбен салыстырғанда теңге-доллар жұбы валюталық сауда-саттығының көлемі 3,46 млрд АҚШ долларынан 1,72 млрд долларға дейін екі есе төмендеді. Шетел валютасына сұраныс экспорттаушы компаниялар қалыптастырған ұсыныстармен, Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген трансферттерді бөлу мақсатында валюталарды сатумен, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімдердің бір бөлігін міндетті түрде сатуымен толық өтелді. Биылғы сәуірде квазимемлекеттік компаниялар іске асырған көлем 232 млн долларды құрады», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Алдын-ала деректер бойынша, Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері биылғы сәуірде негізінен алтын портфелінің өсуі есебінен 30,5 млрд долларға дейін 2,4%-ке немесе 0,7 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Бағалы металл бағасы 7% өскен.


Соңғы жаңалықтар