Сәуегейлердің болжамы орындалмады, Парламентті қыруар жұмыс күтіп тұр

None
None
күйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сонымен Төртінші сайланған ҚР Парламенті өзінің үшінші сессиясына аман‑есен аяқ басып отыр.  «Аман‑есен» болатын себебі 2007 жылдың тамызындағы сайлаудың нәтижесі бойынша қалыптасқан дәл осы бір партиялы Парламенттің тағдыры, оның ғұмыр ұзақтығы жайында түрлі пікірлер айтылып еді. «Мәжілісті таратып, қайта сайлау өткізілетін болыпты» дейтін мұндай сәуегейлік болжамдар әлі де толастаған емес. Әсіресе, еліміздің 2010  жылы ЕҚЫҰ‑ға төрағалық ететіндігі де бұл мәселенің көрігін қыздыра түскен.

2007 жылдан бері келе жатқан «Парламент әне тарайды‑мыс», «Мәжіліс сайлауы міне өтеді‑міс» деген сарапшылар пікірі  елді әлі де жалықтырмаған секілді. Өйткені, сайлау туралы болжам‑пікірлер сырғып‑сырғып үшінші сессияға да жеткізіп отыр. Тіпті өткен сессиядағы «Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерден кейін бұндай саяси шара басы ашық  мәселе секілді көрінген болатын.  Бір жағынан көпшілік саясаткерлер де дәл осы Парламенттің қызметі өз мерзімінде аяқталатынына үлкен  күмәнмен қарап келеді. Соның ішінде биылғы күзде Парламент сайлауы болып қалуы әбден мүмкін деген пікір жұрт арасында кеңінен тараған болатын. Бірақ, кеше ашылған Парламент сессиясынан жақын аралықта  бола қалатындай  сайлаудың «исі» де сезілген жоқ. Сондықтан да биылғы күзде ешқандай сайлау қарбаласынан дәметпеген орынды секілді. Бұған қоса, кезектен тыс сайлау өткізу қажеттілігі де күн сайын кеміп барады. Мәселенки, бұндай саяси науқанға ең алдымен бүгінгі экономикалық жағдайымыз барғызбайды. Яғни, қазіргі қаржылық қиыншылық кезеңінде  уақытынан бұрын науқан жасап, қыруар қаражатты жұтатын сайлау жариялайтан кез емес, керісінше қазынаның қаржысын үнемдеуді әлі де жете үйрене түсетін кез. Екіншіден, «бір партиялы Парламентті ЕҚЫҰ жақтырмайды» деген пікір «бір партиялы Парламентте ешқандай демократиялық алға жылжу болмайды» деген көзқарасты білдірмесе керек. Өйткені, өткен үш сессия барысында Парламент адам құқықтары мен бостандықтарына, демократиялық құндылықтарды тереңдете түсуге қатысты бірқатар заң актілерін қабылдады. Оның ішінде ЕҚЫҰ‑на  төрағалық ету мәселесіне қатысты туындап, жүктелген міндеттемелер, беделді ұйымның демократия мәселелері (сайлау, партия, өзін‑өзі басқару) бойынша жасаған ұсынымдары, оның ішінде «екі партиядан кем болмайтын Парламент қалыптастыру» туралы нормалар да тиісті заңдарда қамтылды. Еліміздегі саяси партиялар талап еткен «1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң да осы сессияда қабылданды.

Ал азырақ уақыттан кейін Қазақстан төрағалық жасайтын ЕҚЫҰ біздің елімізге «бір партиялы Мәжілісіңді тарат» деп мәселе қоймаған болар. Әрине, ЕҚЫҰ‑ның көппартиялы Парламент туралы талабы орынды. Дегенмен, қандай да болмасын елдің Парламентін тарат деп талап қоюдың өзі демократия қағидатына қайшы, яғни бұл дауыс берушілердің дауысын жоққа шығару деген сөз. Оның үстіне осыдан екі жыл бұрын өткен Мәжіліс сайлауын бақылаған ЕҚЫҰ науқан барысын жаман бағалаған жоқ. Әрине, ЕҚЫҰ тарапынан демократиялық стандарттар мәселесі бойынша сынау баршылық. Дегенмен де ондай сынның күші ендігәрі шешімін тауып қойған ЕҚЫҰ‑ға төрағалық мәселесіне әсер етпейді. Сондықтан да, бүгінгі Парламент өзінің атқаруы тиіс қызметін дұрыс орындап отыр деп айтуға толық негіз бар.

Үшіншіден,  бір партиялы Парламент қазіргідей дағдарыс дауылы шайқалтқан сын сағатта тиімділігін де танытқан сыңайлы. Атқарушы билікпен қоян‑қолтық жұмыс істеу, әсіресе бюджет пен қаржылық мәселелерде «керісіп емес, келісіп тон пішу» тұрғысынан алғанда да Парламент Үкіметке үлкен демеу болды. Үкіметтің жедел қабылдайық деп қиылған заң жобаларын да шапшаң  өткізді. Ендеше, биліктің өзі дағдарыс сейілмей тұрып шалт бұрылатын қимылдарға бармайтын болар. Сондықтан да, осы күзге Парламент  сайлауын өткізу туралы болжамдар бекер шыққан сыңайлы.

Есесіне, төртінші шақырылған Парламенттің үшінші сессиясын ашу барысында Елбасы заң шығарушы органның алдына біршама міндеттерді артты. Оның ішінде, Мемлекет басшысы экономикалық даму үшін жедел басымдықпен қабылдануы тиіс индустриялық саясатқа, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық мөлшерді арттыруға, шаруа қожалықтары (фермерлік) шаруашылықтарының қызметін жетілдіруге қатысты заң жобаларын қабылдау қажеттігін алға тартты. Келесі жылы күшіне енетін Кедендік одақ мәселесіне қатысты құжаттар да осы сессияда ратификациялануы тиіс.

 Бұдан бөлек, осы сессияда Парламент Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодекстің жобасын және Әкімшілік процессуалдық кодексті қарайтын болады.  Бұлар әкімшілік құқық бұзушылықты қараудың барлық процедураларының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, ағымдағы сессияда құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, қылмыспен және жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заң жобалары қабылдануы қажет. Бұған қоса, Мемлекет басшысы  Парламентті Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ‑ға төрағалық функциясын орындауына белсене қатысуға шақырды.

Яғни, Парламенттің осы сессияда атқаратын жұмыстары жеткілікті. Сондықтан биылғы жылы сайлауды ойлап бас қатырудың қажеті шамалы сияқты. Дегенмен Мәжілістің келесі кезекті сайлауы  2012 жылы өтуі тиістігін ескерсек, әлі де жағдайдың кілт өзгеруін жоққа шығаруға болмайды. Келесі сайлауға дейін  бақандай екі жыл бар. Оның үстіне  2012 жылы Мәжіліспен қоса ел Президентінің сайлауы да дөп келейін деп тұр. Ендеше, Мәжіліс сайлауы биыл күз болмаса да   2012 жылға дейінгі аралықта, яғни мерзімінен бұрын  өтіп қоюы ғажап емес.

Соңғы жаңалықтар