Сауда министрлігі жыл сайын экспортқа бағытталған 100 компанияны дайындамақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов 2025 жылға дейін жыл сайын экспортқа бағытталған 100 компания дайындалатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай біздің елде тұрақты экспортерлардың саны тым аз. Жалпы компаниялардың 2 пайызы ғана (445 субъект) шетелге өнімін шығаруда. Әйтсе де осы экспортерлардың 81 пайызының шағын және орта бизнес өкілі екені қуантады. Олардың үлесі жыл санап артып келеді», - деді Бақыт Сұлтанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстандық экспортер-компаниялардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында шоғырланған. Президент қыркүйек айындағы Жолдауында жаңа экспорттаушыларға қол көрсету қажеттілігіне баса назар аударған еді. Ол шикізаттық емес өндірушілер үшін экспортты жеделдету бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Сондықтан, Бақыт Сұлтанов Қазақстаннң халықаралық серіктесі PricewaterhouseCoopers-пен бірге тың бағдарлама іске қосылғанын мәлім етті.

«Биыл біз мақсатты нарық ретінде Қытайды таңдадық. Қажеттіліктер тұрғысынан бұл ең күрделі, бірақ сонымен бірге мүмкіндіктер тұрғысынан орасан зор нарық. Акселераторға қатысу үшін ниет білдірген 500 компанияның ішінен Қытайға өнімін экспорттауға бағытталған 35 тамақ өнеркәсібі кәсіпорны таңдалды. Осы жылдың қараша айына дейін бұл компаниялар біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, қажетті экспорттық құзыреттіліктерге ие болады. Акселераторға қатысушы компанимялар өз өнімдерін Шанхайдағы 3-ші Халықаралық импорттық тауарлар мен қызметтер көрмесінде ұсынады», - дейді ол.

Бақыт Сұлтанов ендігі міндеті – 2025 жылға дейін тұрақты экспортер-компаниялардың санын 100-ге арттырып, олардың санын 1000-ға жеткізу көзделіп отырғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар