Сауда министрлігі тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерге жазаны күшейтуді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрлігі тұтынушы құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы бойынша жауапсыз кәсіпкерлерге жазаны күшейту тетігін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауарлар мен қызметтер орнында бұзушылықтардың алдын алу мақсатында уәкілетті органның және сотқа дейінгі реттеу институттарының байланыс ақпараттары орналастырылады. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісіне бармай-ақ профилактикалық бақылауға басымдық беріледі. Кәсіпкердің ұсыныстар мен ескертулерді орындамауы, тұтынушы үшін аса маңызды деп есептелінетін құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады (10-50 АЕК)», - деді заң жобасын Мәжілісте қорғаған Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Вице-министр атап айтқанда, тұтынушылардың шағымын елемей, олардың бұзылған құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы хабарламай, тауарды уақтылы алмастырмайтын немесе қайтармайтын кәсіпкерлерге осындай шара қабылдау керек.

Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрлігі тұтынушы құқығын қорғау жөнінде ведомствоаралық кеңес құру жөн деп есептейді. Қайрат Төребаевтың сөзінше, мұндай алқалы орган құрудың орындылығы мен өзектілігі, тұтынушының әлеуметтік рөлі – бүкіл Қазақстан халқымен анықталады.

«Мұндай кеңестің жыл сайынғы отырысы көтерілген мәселелердің маңызы мен құндылығын күшейтіп, тұтынушы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар