Сауда министрлігі Еуразиялық одақтағы жасырын кедергілер туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрлігі Еуразиялық экономикалық одақтағы қазақстандық тауарларға қойылған кедергілерді анықтап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік қазақстандық тауарлар жолындағы кедергілерді анықтау және жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта тосқауылдарды жоюдың рекордтық оң динамикасын атап өтуге болады. Мысалы, 2016 жылдан бастап біз бұрын болған немесе кедергі деп танылған мәселелердің 83%-ын жойдық. Осылайша, 66 тосқауылды анықтадық, олардың 54-і жойылды. Сараптамалық бағалаулар бойынша, біз түзеткен тосқауылдар елімізге шамамен 100 млн АҚШ долларына экспорт өсімін қамтамасыз етеді», - деді Ж. Кушукова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кедендік шекаралар ашылғанымен, кей елдер өз өндірушілерін ЕАЭО басқа қатысушыларының бәсекесінен қорғауды жалғастырып келеді.

«Көбінесе жасырын кедергілер бәсекенің жоғары деңгейі бар тауарларға қатысты орнатады. Бұл әрине экономикалық интеграция идеясына қайшы келеді және біз мұнымен күресеміз», - дейді Ж. Кушукова.

Бұған дейін спикер Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорты 25%-ға өскенін айтқан болатын.

Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне тауар экспорттайтын қазақстандық жеткізушілердің басым бөлігі шағын және орта бизнес өкілдері екені мәлім етілді.

Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның үшінші елдерге де экспорт көлемін ұлғайтуға көмектесті.


Соңғы жаңалықтар