Сауда министрі журналистерден бір апта уақыт сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қант бағасының келешекте қандай болатыны туралы нақты пайымын айту үшін журналистерден бір апта уақыт сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері кеше ғана Сауда және интеграция министрі болып тағайындалған Серік Жұманғариннен қант басы қашан азрандайтыны, бұрынғы министр Бақыт Сұлтановтың қандай қателіктер жібергені туралы сұрады.

«Менің әріптесім Бақыт Тұрлыханұлы – тәжірибелі, белсенді, кәсіби маман. Әрине, қиын уақыт болды. Екі үлкен проблема қайдан шыққанын білесіздер. Бірінші – COVID, екінші – Украина дағдарысы болып жатыр. Ол, әрине бағаларға да, логистикаға да әсер етті. Сол себепті, қазір біреуді жамандап, біреуді мақтайтын жағдайым жоқ. Менің қазіргі міндетім – ертең осындай жағдайдың қайталанбауы», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуныша, қазір көтерме саудада қанттың бағасы 700-800 теңгеге жеткен. Ал, зауыттан шыққан баға – 450 теңге.

«Дәл қазір қант бағасы арзандайды деп айта алмаймын. Бүгін бірінші күн жұмысқа шығып тұрмын. Бір апта беріңіздер», - деді министр.

Сондай-ақ, ол қант нарығын реттеу үшін ірі-ірі зауыт салу қажет емес деген пікір айтты.

«Қызылша неге өспейді? Қызылша өсіру деген оңай шаруа емес. Оған су, электр энергиясы керек. Бізде бүкіл зауыттар оңтүстікте. Неге олай? Қазір онда электр энергиясы тапшы, су қымбат, тіпті жоқ та. Жақында сарапшылармен сөйлестім. Қызылша солтүстікте де, батыста да өседі. Сарапшылар үлкен, ірі зауыттар тіпті қажет емес шығар деп отыр. Осы мәселелерді талқылаймыз. Менің білуімше, Ауыл шаруашылығы министрі осы қант саласын дамыту үшін кешенді жоспар дайындады. Олардың да ұсыныстарын қараймыз», - деді Серік Жұманғарин.



Ашық көздерден алынған фото




Соңғы жаңалықтар